Қазіргі Қазақстанда әскери қызмет тек Отан алдындағы борышты өтеу кезеңі ғана емес, сонымен қатар кәсіби болашаққа бастайтын нақты мүмкіндікке айналып келеді. Ішкі істер министрінің бірлескен бұйрығымен бекітілген мерзімді әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін ұсыну бағдарламасы жастарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының есігін ашуда. Биылғы конкурс қорытындысы бойынша төрт бірдей мерзімді әскери қызметші армия өмірі мен білімге деген ұмтылысты қатар алып жүруге болатынын дәлелдеді.
Әрқайсысы жауынгерлік даярлықпен қатар конкурсқа тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Солардың бірі – коменданттық ротаның қатардағы жауынгері Даулет Әділгереев. Бірінші взводтың екінші бөлімшесінде қызмет ету оған тәртіп пен жоғары жауапкершілікті үйретті. Нәтижесінде ол 104 балл жинап, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің білім грантын жеңіп алды.
Оның роталасы, бірінші бөлімшенің атқышы Рамазан Мергенбай да болашағын жоғары біліммен байланыстырды. 98,4 балл жинаған қатардағы жауынгер Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті атанды.
Жоғары нәтижені кинология орталығының мамандары да көрсетті. Қамтамасыз ету взводында қызметтік иттерді баптап, үйретумен айналысқан қатардағы жауынгер Әділет Алайдар 95 балл жинады. Енді оны жаңа белес күтіп тұр – ол Азаматтық авиация академиясының грантын иеленді. Ал оның взводтасы, қызметтік иттерді үйретуші маман Санжар Көшер 105,5 балл жинап, сарбаздар арасындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Бұл жетістік оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясына жол ашты. Енді ол құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында кәсіби білімін жалғастырады.
Осы төрт сарбаздың жетістігі бүгінгі армиядағы уақыттың тек әскери міндетпен шектелмейтінін дәлелдейді. Керісінше, бұл – үлкен мақсаттарға жетуге қажетті мінез бен табандылық қалыптасатын кезең. Бүгінде елімізде жоғары білім алу қолжетпес арман емес, нақты мүмкіндікке айналып отыр. Ең бастысы – айқын мақсат пен соған ұмтылыс. Ал мемлекет жастарға барлық қажетті жағдайды жасап келеді.
Альбина ҚЫРҒЫЗБАЙ
бөлініс бастығы, кіші сержант
