Алматы облысы екіге бөлініп, орталығы Қонаев қаласы болып бекітілгелі де төрт жыл уақыт өтті. Содан бері өңірдің экономикалық көрсеткіші айтарлықтай өсіп, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарған. Шалғай елдімекендер қайта түлеп, жанданып келеді. Президент Жарлығымен халқы тығыз, аумағы үлкен облысты бөліп, орталығын Қонаев қаласына көшірудің бірден-бір дұрыс шешім болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде күн келбетті Қонаев шаһары Қапшағайдың сұлу толқынымен, жабайы демалыс нысандарының орнына салынған әдемі жағалауымен, шетінен еңсе тіктеп жатқан зәулім ғимараттарымен бұрынғыдан да ажарлана түскен. Қазіргі таңда Қонаевтың даму динамикасы, ару Алматыға қарай жаңа Алатау қаласының қанат жаюы тұрғындар аузынан тастамай айтып жүретін басты тақырыптың біріне айналды.
Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты статистикаға үңілейік. Мәселен, 2021 жылы өңірлік өнім көлемі 3,4 трлн теңгені құрап, республика бойынша 10-орында тұрған. Өткен жылы көрсеткіш 6,7 трлн теңгеге дейін өсіп, облыс 5-орынға көтерілді. Өңір бюджетіне түсетін салық көлемі екі есеге көбейсе, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге азайған. «Focus Logistiks» логистикалық паркі, «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты, «LC Waikiki» сауда орталығы, «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы, «Қапшағай бидай өнімдері» агрокешені және «КегенМясПром» ет комбинаты сияқты кәсіпорындар ашылып, жұмыспен қамту деңгейі артқан. Халық табысы да жақсара түскен. Қазір облыста 1 936 өнеркәсіп жұмыс істейді. Оның 90%-ы өңдеу саласына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Астана және Шымкент қалаларынан кейін 3-орында. Сондай-ақ азық-түлік, темекі және сусын өндірісі бойынша көш бастап тұр.
Облыстың инвестициялық тартымдылығы жоғары. Географиялық орналасуы, табиғи және еңбек ресурстарының жеткілікті болуы отандық және шетелдік инвесторлардың талабына сай келеді. Соңғы төрт жылда өңірге 3,7 трлн теңге инвестиция тартылыпты. 2030 жылға дейін жалпы құны 693,2 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Алдағы уақытта іске қосылатын жобаларға «PepsiCo» компаниясының «Lay’s» чипсілерін шығаратын және «Qazaq Global Food»-тың жеміс өңдеу зауыты, «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы мен бірнеше логистикалық хабтар кіреді.
Экономиканың аумақтық құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Донор аумақтардың саны екіден беске көбейіп, Қарасай мен Іле аудандарына Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары және Қонаев қаласы қосылған. Алдағы уақытта Жамбыл ауданы мен Алатау қаласы да донорлар қатарына кіреді деген болжам бар.
Бүгінде халық көкейінде жүрген өзекті жайт – баспана мәселесі. Бұл бағытта облыс бюджетінен тұрғын үйлер сатып алынып, «Отбасы банк» арқылы кезекпен үлестіріліп жатыр. Әсіресе әлеуметтік осал топ санатына жататын жандарға ерекше көңіл бөлінген. Төрт жылда 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6,6 мың азамат баспана қуанышына кенелген.
Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл бойынша республикада алғашқы бестіктің қатарында болса, мемлекеттік субсидияларды пайдалану тиімділігі бойынша бірінші орында тұр. Өнім сапасы да көңіл көншітерлік әрі сұраныс жоғары. Жеміс-жидек, көкөніс, сүт және ет өнімдері шетел нарығына экспортталып жатыр. Құнарлы топырақ пен қолайлы климат, озық технология фермерлер ісінің ілгері басуына мүмкіндік беріп отыр. Пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның игілігін еңбекқор шаруалар көруде. Нақты дерекпен айтсақ, 2022–2025 жылдар аралығында 528 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне өтіп, оның 340 мың гектары қайтадан айналымға енгізілген.
Үш ауысымды мектептер мәселесі де біртіндеп шешемін тауып келеді. Төрт жылда 36 мемлекеттік және 33 жекеменшік жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай қолданысқа берілген. Оның 21-і «Келешек мектебі» жобасы аясында бой көтерді. Аталған бағдарлама аясында биыл тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Қарасай ауданында 2000 орынды жекеменшік мектеп пайдалануға берілмек. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 28-ге азаяды. Бұл оқушылардың заман талабына сай, жайлы ғимаратта оқуына мүмкіндік беріп, білім сапасының артуына тікелей әсер етеді.
Облыста тіл саясаты, әсіресе мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша игі бастамалар қолға алынған. 2022–2025 жылдары 11 мыңға жуық адам қазақ тілін оқыту курстарына қатысыпты. Ал мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарда іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу деңгейі 90 пайыздан асқан. Мемлекеттік тілді меңгеруге арналған цифрлық платформалар, онлайн курстар мен тестілеу жүйелері оқу процесіне енгізілген.
Алматы облысы – шет мемлекеттерден де, еліміздің түрлі өңірінен де қонақтар ағылып келетін туристік аймақтардың бірі. Мысалы, өткен жылы 2,5 млн-нан астам адам өңірдің көркем келбетін тамашалау үшін облысқа табан тірепті. Былтыр Қапшағай жағажайы еліміздегі ең үздік 5 жағажайдың қатарына енді. Көшпенділер қалашығына апаратын жол салынды. Қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Іле өзені арқылы «Таңбалы тас» пен «Көшпенділер қалашығын» байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Болашақта жыл сайын 10 000-нан астам адам тарихтан сыр шерткен мекенді тамашалауға келеді. Әсіресе шығармашыл жандар үшін таптырмас алаңға айналмақ. Бұған дейін онда танымал бейнебаяндар, «Жібек жолы» телеарнасының «Ең мықты» жобасы түсірілген. Биыл халық Наурызды осы «Көшпенділер қалашығында» қарсы алды. Мерекенің алғашқы екі күнінің өзінде 3 500-ге жуық адам келген. Бұл – туризмнің дамуы үшін жасалған айтулы жобалардың бірі. Сондай-ақ облыс орталығында ашылған «ASP» ойын-сауық алаңы қысқы туризмді дамытуға серпін берді. Орта Азиядағы ең ірі мұз айдыны ретінде танылды. Бұдан бөлек, «Ақтас тау» шаңғы кешенінің іске қосылуы өңірдегі қысқы демалыс инфрақұрылымын толықтырды. Қарадала төсіндегі Шарын мен Қара шатқал, Кеген ауданындағы табиғат жауһары – Көлсай және Қайыңды көлдерінің танымалдығы артып, туристер толастамайтын аймаққа айналған. Соның арқасында ондағы халықтың да әл-ауқаты жақсарып келеді. Кәсібін дөңгелетіп отырған жандар да баршылық. Қазіргі таңда Қайыңды көліне жол төселіп жатыр. Сондай-ақ Қара шатқалдың бейнесін әлемге әйгілі ететін әйнек көпір салынбақ. Өңірде халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар да жанданып келеді. Әсіресе авиа және дрифт-шоулар, өрік фестивалі, «Tengri Ultra» халықаралық ультрамарафоны, «Oceanman» халықаралық жүзу жарысына қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды.
Облыс топырағында әлемді дүр сілкіндірген ұлы тұлғалар дүние есігін ашқан. Соған сай, болмысы биік жандарды ұлықтау, жас ұрпаққа дәріптеу іс-шаралары толастаған емес. Мысалы, былтыр біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің, оның алдыңғы жылы қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ көлемінде аталып өтті. Қос таланттың өмірі мен шығармашылығын кең ауқымда насихаттап, есімін ұлықтаған сан түрлі іс-шаралар өтті. Анкара, Париж, Бейжің, Мәскеу, Франкфурт, Бішкек сияқты ірі қалаларда концерттер, фестивальдар мен көрмелер ұйымдастырылды. Нұрағаңның туған жері – Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа Мәдениет үйі ашылды. Қонаевтағы орталық саябаққа Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді. Нарынқол ауылында еңселі ескерткіші орнатылды. Ал биыл дәл солай қазақ киносының Құлагері Абдолла Қарсақбаевтың да ғасыр тойы халықаралық деңгейде атап өтілетін болады. Мәдени-әдеби шаралар мұнымен ғана шектелген жоқ. Өңірдің төл перзенттері – Әлмерек баба, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Заманбек Нұрқаділов, Оразалы Досбосынов және өзге де тұлғаларға арналған рухани іс-шаралар халық көңіліне ізгілік нәрін септі.
Ерекше есте қалған мәдени іс-шараның бірі – 1000 нардан құралған түйе керуені. Ақши ауылын думанға бөлеген көш «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының басшысы Сыдық Дәулетовтың бастамасымен қолға алынып, қазақ мәдениетін әлемге танытты. Тіпті Гиннестің рекордтар кітабына еніп, ел мерейін асырды.
Осындай ауқымды істер жүргізіліп жатқан өңірдің орталығы Қонаев қаласы болып бекітілуі бекер емес. Шаһарға халық жүрегінен орын алған, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының есімі берілгенде бөркімізді аспанға лақтырып, қуанғанымыз рас. Бұл Димекеңнің ел үшін атқарған еңбегінің ескеріліп, бағаланғаны деп ойлаймын.
Қонаевтың өңір орталығы болып бекітілуінің өзге де маңызды себептері бар. Қаланың туристік, логистикалық әлеуеті зор. Географиялық орналасуы тұрғындар үшін де, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы. Қала арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді. «Алматы – Өскемен» күрежолы мен Транссібір теміржолының тоғысуы Қонаевты жаһандық сауда мен транзиттің маңызды орталығына айналдырады. Бұл бағыттар – Орталық Азияны, Сібірді және Қытайды байланыстыратын бірегей логистикалық артерия. Қонаев халықаралық бағыттарға жол ашатын Алматы әуежайынан небары 50 шақырым жерде орналасқан. Бұл кәсіп жүргізуге, жүк пен жолаушылар тасымалына зор мүмкіндік береді.
«Жаңа Іле» алабын игеру кешенді даму жоспарының басты кезеңі. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып жатыр. Жағажайларды абаттандырудың арқасында 4 жылда облыс орталығына келген туристер саны 700 мыңға өскен. Қазіргі таңда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің, полиция департаментінің, облыс әкімдігіне қарасты мекемелерге арналған нысандар мен департаменттер үйінің құрылысы басталды. Одан бөлек Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Драма театры, «Қонаев-Арена» көпфункционалды кешені, 600 орынды кітапханасы бар Оқушылар сарайы, зертханасы бар мұражай салынады деп жоспарланған.
Облыстағы жарқын жобалардың бірі – Алматы мен Қонаев арасында бой көтеретін Алатау қаласы. Болашақта заман талабына сай, толық цифрландырылған Орта Азиядағы ірі экономикалық орталыққа айналмақ. Мемлекет басшысы: «Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп атап өткен болатын. Жаңа қалада келешекте 2 млн-ға жуық халық тұрады деп жоспарланған. 1 млн-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда қалаға ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс Үкіметтің екі отырысында қаралып, қолдау тапты. Егер заңды күшіне енсе, қаланы көркейтуге үлес қосатын инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар олардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Осылайша, Алатау білім мен инновация ошағына, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алып шаһарға айналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен облыстарды бөлу, жаңа Алатау қаласының жобасын жүзеге асыру және облыс аумағынан заман талабына сай атом электр стансасының құрылысын бастау жұмыстары келешек үшін маңызды дер едік. Игі бастама бүгіннің өзінде нәтижесін беріп, тиімділігін көрсетіп отыр. Болашақта алып мегаполис – Алматымен қанаттаса дамитын облыс пен оның аумағындағы қала, елдімекендер халықтың өмір сүруіне қолайлы, қазіргі заман үдесінен шығатын, экономикасы мен бюджеті толысқан алдыңғы қатардағы аймақ боларына бек сенеміз.
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
ақын, «Құрмет» орденінің иегері,
«Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі
«Ana tili» ұлт газеті, №20 (1852)
