Перейти к содержимому

Жас боксшылар бәсекесі

Талғар ауданында спортты, әсіресе, боксты дәріптейтін атақты жаттықтырушылар мен спортшылар аз емес. Солардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қызметкері Есет Нұғыспановтың есімін ерекше атауға әбден лайық. Өйткені ол – өзінің бүкіл саналы ғұмыры мен өнегелі еңбек жолын боксқа арнаған жан. Талғар қаласында бапкерді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық ашық турнир өтті.

А.Кивилев атындағы №1 маман­дандырылған балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінде өткен сайысқа облыстағы аудандардан 10 команда, 2011-2012 жылдары туған 150 жасөспірім қатысты. Шаршы алаңдағы бәсекені тамашалауға атақты былғары қолғап шеберінің бұрынғы әріптестері, спорт қайрат­керлері, жаттықтырушылар, марқұм­ның зайыбы Орынгүл Әбдірахманқызы келді.
Турнирді аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы Фарида Бегенбаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Есет Нұғыспановтың жаттық­тырушылық қызметінің арқасында Талғар бокс мектебі өркендеп, лайықты буын өсіп келеді. Ол – есімі үлкен әріптермен жазылатын нағыз тәлімгер болды және оның бапкерлік жұмысы болашақ жаттықтырушылар мен спортшылар үшін ешқашан ұмытылмайтын үлгі, – деді ол.
Есет Нұғыспанов еңбек жолын 1969 жылы Семей облысындағы Калинин атындағы мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып бастайды. Сол жылы Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, боксты серік етеді, түрлі аудандық іс-шараға белсенді қатысады. Облыстық сайыстарда, Ташкент қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, көптеген марапатқа ие болады. Соның арқасында оны Алматы облысындағы спорт мектебіне жаттықтырушы қызметіне шақырады. Әр жылдары ол спорт мектептері мен секцияларын басқарады, тіпті Спорт комитетінің басшысы лауазымына тағайындалады. Бокс бапкері ретінде ол ел және әлем чемпионы атанған бірнеше үздік спортшыны, атап айтқанда Сергей Третьяков, Борис Гапченко, Дмитрий Юрченко сияқты белгілі былғары қолғап шеберлерін дайындаған.
Бапкердің спорттағы даңқты жолы 1976 жылы Талғар қаласында №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен басталғанын айта кеткен жөн. Сол мекемеде 1985 жылдан 2010 жылға дейін директор болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Есет Нұғыспанов туралы әріптестері де естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін жас боксшылар 13 салмақ дәрежесінде шаршы алаңдағы жекпе-жекті бастап кетті. Үш күнге созылған турнир нәтижесінде Талғар қаласындағы №1 МБЖСМ-ның бапкер Мирас Арықбаев жаттықтыратын шәкірттері 5 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Атап айтқанда, 42 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Қоқан жеңімпаз атанса, 50 келіде – Бекарыс Сержантұлы, 54 келіде – Өркен Асылхан, 60 келіде – Азиат Нұрланов және 75 келіде Абылай Товиш алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Өркен Асылхан турнирдің ең үздік боксшысы атанды.
Жеңімпаздарға Есет Нұғыспанов атындағы медаль мен дипломдар табысталды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы