Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік басқосуда заман талабына сай ел медицинасының дамуы мен азаматтардың денсаулығын жақсарту жолында тер төккен аймақтың ақ халатты абзал жандарына құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиын облыстағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы бейнекөріністі тамашалаудан басталды. Ондағы деректерге сүйенсек, аймақтағы медициналық мекемелерде 3000-нан аса дәрігер мен 10000-ға жуық орта медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар. Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған.
Ақ халатты абзал жандардың баға жетпес еңбегін насихаттауды мақсат еткен жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. «Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5%-ға төмендеді. Бұл – сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді аймақ басшысы.
Бұдан соң Марат Елеусізұлы еңбегімен үлгі бола білген медицина саласы қызметкерлеріне Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстады. Атап айтар болсақ, Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарлығаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсуповаға «Құрмет» ордені табысталды. Сонымен қоса Евгений Ким «Үздік стационар дәрігері», Бағдагүл Садықова «Үздік ауыл дәрігері», Жанат Әбдімолдаева «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері», Мақсат Құрманәлиев «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері», Айна Тасполатова «Үздік провизор», Әсел Әбдиева «Үздік акушер», Айсұлу Темірбай «Алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсету үздік мейіргері», Сандуғаш Сәрсембаева «Үздік фельдшер» номинациялары бойынша марапатталып, ақшалай сертификатқа ие болды. Денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Сонымен қоса елеулі еңбек еткен жандарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері берілді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Айтулы күн аясында аймақтағы жедел медициналық жәрдем стансасына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталды. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы жаңа санитариялық автокөліктердің жағдайымен танысты. Аталмыш техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы – «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы – «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген. Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. «Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елдімекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға көмектеседі. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», – деді Ержан Әбілқасымұлы.
Ерзат АСЫЛ
Іле ауданы
