Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы орталық алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мереке ерекше ұйымдастырылды. Алаңға жиналған тұрғындар мен мекеме қызметкерлері Әнұранды бірге шырқап, елге деген құрметі мен патриоттық сезімін білдірді.
Шара барысында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздер тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өз саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматты Алғыс хат және Құрмет грамоталарымен марапаттады. Салтанатты жиынның есте қалар көрнекті сәтінің бірі – Қазақстан Республикасының алып Мемлекеттік Туын орталық алаң бойымен алып өту рәсімі болды. Көк байрақ алаңға жиналған көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп, ел бірлігі мен тәуелсіздігінің символы ретінде асқақ желбіреді. Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік пен елдік рухты нығайтатын маңызды мереке.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
