1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алатау қаласының Еңбек ықшам ауданында ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға шаттық сыйлаған тағылымды шараны №7 орта мектеп ұжымы мен Алатау қалалық мәдениет үйі бірлесіп өткізді.
«Балалық шақтың әуені» атты мерекелік бағдарлама мектеп ауласында өтіп, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шараға Алатау қаласы мәслихатының депутаты Роза Михаилқызы, Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейткенқызы және Алатау қаласының мәдениет бөлімінің басшысы Бибігүл Кенжеханқызы қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
Қонақтар өз сөздерінде өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтіп, бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ, зор денсаулық пен оқуда табыс тіледі.
Мерекелік бағдарлама барысында бастауыш сынып оқушылары дайындаған әндер, билер мен көркемсөз оқу өнерлері көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, «Жұлдызшалар» би тобының әсерлі қойылымы мен «Достық» әнін орындаған жас өнерпаздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында №7 орта мектептің директоры Арман Тоқтасынұлы Арғынбаев сөз сөйлеп, балалардың қоғамдағы орны мен олардың жан-жақты дамуына жасалып жатқан мүмкіндіктерге тоқталды.
– Бала – ұлттың болашағы. Сондықтан олардың сапалы білім алып, тәрбиелі әрі бақытты болып өсуі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мектебіміз әр оқушының қабілетін ашуға, олардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына барлық жағдай жасауды басты назарда ұстайды, – деді мектеп басшысы.
Балалар үшін түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, шығармашылық алаңдар жұмыс істеді. Бүлдіршіндер асфальтқа «Менің арманымдағы әлем» тақырыбында суреттер салып, өз қиялдарын бейнеледі. Сонымен қатар мереке соңында мәдениет үйі мен мектеп ұжымы тарапынан оқушыларға балмұздақ, түрлі-түсті шарлар және кеңсе тауарларынан құралған сыйлықтар табысталды.
Мерекеге қатысқан 3 «Ә» сынып оқушысы Бақытжан Алдияр Жандосұлы өз әсерімен бөлісіп:
– Бүгін біз ерекше күн өткіздік. Ән айтып, ойындар ойнадық, достарымызбен көңіл көтердік. Бізге осындай қуаныш сыйлаған ұстаздарымыз бен ұйымдастырушыларға үлкен рақмет, – деді.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышқа толы жүздері мерекенің басты көрінісіне айналды. Осындай игі шаралар жас ұрпаққа қамқорлық көрсетудің және олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етудің жарқын үлгісі болып табылады.
№7 орта мектеп ұжымы мен Алатау қалалық мәдениет үйі барлық бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, әр баланың арманы орындалып, күлкісі әрдайым жарасып жүруіне тілектестік білдірді.
