Қазақ даналығы «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деп тәмсілдеген. Сондай-ақ, Мөңке бидің «Ішкенің сары су болады, берсең ит ішпейді. Бірақ адам соған құмар болады» деп күңірене айтуы да бекер емес.
Осы орайда, Кеген ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру мақсатында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Арақсыз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Тәжірибе көрсеткендей, көптеген құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың туындауына алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну себеп болады. Осыған байланысты құқық бұзушылықтардың салдарымен емес, оның негізгі себептерімен күресу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Кеген ауданындағы елді мекендерде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Жылысай ауылдық округіне қарасты Шыбышы ауылы өзін «Арақсыз ауыл» ретінде жариялады. Осы бастама аясында Кеген ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Думан Нұрбатырұлы, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов Шыбышы ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауылды ішімдіктен ада қылудың амалын қарастырды. Қазіргі таңда ауылда 335 тұрғын тұрады.
— Жиынға қатысқан азаматтардың қолдауының нәтижесінде Шыбышы ауылы қазіргі уақытта «Арақсыз ауыл» атанып отыр. Алдағы уақытта аудан аумағында осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады, — дейді Кеген ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары Думан Нұрбатырұлы.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланып, қылмыстың зардаптары мен оның алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Ауыл тұрғындары әр буын өкілдері атынан сөз сөйлеп, «Арақсыз ауыл» бастамасын қолдайтындарын және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға белсенді түрде атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
— Қылмыс та, ұрлық та арақтан басталады. Аудандық Ішкі саясат бөлімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, келісімін алды. Ауылда арақ сатылмайды, баршамыз бірігіп, ауылымызды «Арақсыз ауыл» жасайық! — деген ауыл әкімі Руслан Кеңесжанұлы ауыл тұрғындарына үндеу жасады.
Жиын барысында ауыл имамы көпшілікке арақтан келетін кесір мен кесапат туралы насихат айтты.
— «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында біздің ауылда ешқандай арақ сатылмайды. Ауылымыз «Арақсыз ауыл» мәртебесін алуға лайықты ауыл, — деген Шыбышы ауылының тұрғыны Сәуле Бекқызы бастаманы қолдайтындығын жеткізді.
Осылайша, Шыбышы ауылы тұрғындарының бастамасымен ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тарту туралы шешім қабылданды.
Бүгінде Шыбышы ауылы өңірдегі үлгілі ауылдардың біріне айналуда, бұл бастама өзге елді мекендер үшін де өнеге болуы тиіс.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
