Перейти к содержимому
Главная страница » Ажарланған аймақ

Ажарланған аймақ

Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы атанған еді. Осы уақыт аралығында есімі төрткүл дүниеге мәлім, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы қаланың бет-бейнесі жаңаша сипатқа ие болып, инфрақұрылымы қарқын алды. Ақжал толқындары аласұрған көрікті жағалаудағы шағын шаһар бүгінде кеңге қанат жайып, келушілерді керемет келешегіне шүбәсіз сендіре түскендей.

Игілікті еселеген инвестиция

Жақында облысымызға арнайы атбасын бұрған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығындағы оң өзгерістерді тіл­ге тиек етті. «Қалада ауқымды жұмыстар атқары­лып жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік әрі іскерлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі»,– деді Президент.
Қонаев – болашақтың қаласы. Алдағы уақытта облыс орталығындағы халық саны 200 мыңға жетеді деген болжам бар. Негізі өңір үшін халық санының көбеюі үлкен мәселе емес, өйткені адами ресурс көп. Бүгінде инвестиция тартуға баса көңіл бөлініп, туризм кластерінің басым бағыты –көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Себебі Қонаев – тоғыз жолдың торабына орналасқан қала. Теміржолы тағы бар. Демек, қаланың дамудың даңғыл жолына түсуге мүмкіндігі жеткілікті. Оның бірі адами капитал бар болса, екіншісі логистикаға байланысты. Бұл жағынан облыс орталығының әлеуеті зор. Бүгінде Қонаев қаласын дамыту бағытында бірқатар жұмыс жасалуда. Бір ғана дерек – облыс орта­лығы болғалы негізгі капи­талға 308,8 млрд теңге ин­вестиция тартылған. Өткен жылы инвес­тицияның арқа­сында Қонаевта «Оспанова. Девелопмент» балық зауыты іске қосылды. Одан бөлек, үш түрлі өнім шығаратын зауыт жаңғыртылуда. Туристік бағытта қонақүйлер, демалыс аймақтары салы­нып жатыр. Яғни жаңа жұмыс орындары ашы­­лып, қала жылдан-жылға дамуда. Ресми мәлі­метке сүйенсек, Қонаев қаласының инвестиция­­лық портфелінде 2024-2030 жылдары жүзеге аса­тын 39 жоба бар. Оның 11-і туризмді дамытуға бағытталған.
Жобалардың жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайды. Қазір бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Кәсіпорындар туралы айта кетсек, шаһарда 12 өндіріс ошағы бар. Олар облыс құрылғалы 410,2 млрд теңгеге өнім шығарған. Шағын және орта бизнес экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Қонаевта 6718 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылы аталған сектордан бюджетке 39,2 млрд теңге салық түсіп, өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 439,4 млрд теңгеге жетті.


Ірі жобалар жүзеге асуда

Биыл облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша бірқатар нақты жобалар жүзеге асуда. Жылу және сумен қамту, кәріз жүйесін жаңғырту мен абаттандыру бағыттарында жүйелі жұмыс жүр­гізіліп, инфрақұрылымның сенімділігі мен қол­жетімділігі арта түспек. Қала әкі­мінің орын­баса­ры Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетика және комму­налдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясын­да облыс орта­лығының инфрақұрылы­мын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. «Қонаев қаласының қарқынды дамуын ескерсек, бұл жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық маңызы зор. Инфрақұрылымды жаң­ғырту қаланы одан әрі дамытуға, жаңа тұрғын үйлер салуға, инвестиция тартуға мүмкіндік ашады. Жалпы, ұлттық жоба бойынша жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Қала әкімдігі сапаға, ашықтыққа және нақты нәти­желерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, жобаның жүзеге асырылуын қадаға­лайды», – дейді қала әкімінің орынбасары Тимур Ақмырзаев.
Бұдан бөлек, биыл ұлттық жоба шеңберінде Алматы және Сейфуллин көшелеріндегі ауызсу желілерін жаңарту жұмысы басталады. Сонымен қатар жылу жүйелерін модернизациялау бойын­ша екі ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл инфрақұрылымға қатысты 5 жоба жүзеге асырылады. Келесі жылға тағы 4 жоба жос­парланған. Нәтижесінде қаладағы 67 шақырым инженерлік желі жаңартылады. Сонымен қатар қалада 11 кәріз-сорғы стансасы жаңғыртылуда. Қазіргі таңда екі нысанда құры­лыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Жобаны жақын арада толық аяқтау көзделіп отыр. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде кәріз тазарту жүйесі құрылысын жобалау, салу және пайдалану бойынша инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылып, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кетсек, өткен жылы Қонаевта 62 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 31,3 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда қала аумағында 11 жеке құрылыс компаниясы тұрғын үй кешендерін салуда.

Жаңа рухани кеңістік қалыптасты

Қонаев – тек болашаққа бағытталған заманауи қала ғана емес, сонымен қатар өткен мен бүгінді тоғыстырған рухани кеңістік. Қазір облыс орталығында мәдени-рухани өмір қарқынды дамып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шара ұйымдастырылуда. Жаз мезгілінде әр апта сайын ұйымдастырылған «Aspan fest» фестивалі жастарды, шығармашылық ұжымдар мен өнерсүйер қауымды бір алаңға тоғыстырып, қаланың мәдени өміріне жаңа серпін берді. Мәдениет саласындағы жаңашыл бастамалар инфрақұрылымдық өзгерістермен қатар жүрді. Былтыр бишілер мен әншілерден құралған «Қонаев әуендері» шығармашылық ан­самблі құрылып, қалалық және өңірлік мәдени жо­баларға белсенді атсалысты. Қалалық Мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізі­ліп, материалдық-техникалық базасы жаңартыл­ды. Со­нымен қатар Жастар театрының тұсауы кесіл­ді. Жаңа өнер ұжымы тұңғыш рет көрерменге қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев­тың 95 жылдығына арналған автобиографиялық спектакльді тарту етті. Сонымен қатар қалалық кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталды. Нысанның келбеті түбегейлі жаңарып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, тұрғындар игілігіне қайта берілді. Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақтар, шығармашылық кеңістіктер мен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған. Қазіргі таңда Қонаев қаласында көптеген ән және би үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 1000-нан астам бала тұрақты түрде қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуда.

Әлеуметтік нысандардың әлеуеті артты

Соңғы төрт жылда облыс орталығында әлеуметтік нысандардың әлеуеті де арта түсті. Айталық, өткен жылы жаңа Балаларды қолдау орталығы пайдалануға берілді. Ал жақында облыстық соттың жаңа ғимаратының іргетасы қаланды. Сондай-ақ жоспар бойынша Қонаевта Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, полиция департаментіне, облыс әкімдігіне қарасты мекемелерге арналған ғимараттар және департаменттер үйі бой көтереді. Қалада әкімшілік нысандармен қатар әлеуметтік және мәдени ғимараттар да салынады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Драма театры, «Қонаев-Арена» кешені, 600 орынды кітапханасы бар Оқушылар сарайы және зертханасы бар музей салу жоспарланып отыр. Бұл нысандар Қонаевты тек әкімшілік қала емес, мәдениет, спорт, білім және руханият орталығы ретінде дамытуға бағытталған. Қонаевтың облыс орталығы мәртебесін алуы қалаға жаңа міндет жүктеді. Бұрын демалыс пен туризмге жақын қала ретінде танылған Қонаев енді басқару, іскерлік белсенділік, қоғамдық қызмет және мәдени даму орталығына айналары күмәнсіз.

Ерзат АСЫЛ