Жер-Ананың ырысы суға тәуелді. Су бар жерде – молшылық, береке бар. Осы қағиданы берік ұстанған Райымбек ауданында егістік пен шабындық алқаптарды суарудың агротехникалық талаптарына айрықша мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, ертеңгі молшылықтың іргетасын қалауға жол ашуда.
Осынау игілікті істің жарқын үлгісі бүгінде Шалкөде ауылдық округінде жүзеге асырылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы округтің жазықтағы алқаптары тау аңғарларынан төмен құлдилап ағатын бастау-бұлақтардың суына тәуелді болып келген. Алайда табиғаттың құбылмалы мінезі су деңгейін кейде азайтып, кейде көбейтіп, шаруалардың табан ет, маңдай теріне кері әсерін тигізген шақтар аз кездеспегені белгілі. Соның салдарынан диқандар көздеген өнім көлеміне қол жеткізе алмайтыны айтпаса да түсінікті.
Ендігі жерде бұл мәселе түбегейлі шешімін табатын болды. Ауылдың жоғарғы жағындағы Шибұт аталатын тау аңғарынан келетін ағын суға ірі тоспа салу жұмысы былтыр қолға алынған болатын. Салыну құны 535 млн теңгені құрайтын маңызды нысанның құрылысын «Тунас» ЖШС-нің құрыш қолды құрылысшылары жүргізуде. Сыйымдылығы 300 мың текше метр болатын су қоймасының құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Тоспаға қатысты жұмыстардың қазір 90 пайызы бітті. Болашақта мұнда жиналатын су тек алқаптарды суаруға ғана пайдаланылып қоймайды, Шалкөде ауылының тұрғындары тоспадағы арнайы қондырғыға орнатылған сүзгіден өткен таза ауызсудың да игілігін көретін болады.
Құрылыс алаңында 16 адам еңбек етуде. Сонымен қатар жұмысқа 12 бірлік техника жұмылдырылған. Бір айта кетерлігі, құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания ауданнан тысқары жерден болғанымен, негізгі жұмыс күші Шалкөде ауылының тұрғындарынан құралған. Су қоймасының құрылысына басшылық жасап жүрген мамандардың айтуынша мақсатты істің бәрі белгіленген кестеге сай атқарылуда.
– Бұл жоба Шалкөде өңірі үшін стратегиялық маңызы зор нысан болып табылады. Бүгінде құрылыс жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қажетті техника мен қол күші толық қамтамасыз етілген. Алдағы шілде айында тоспаның құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Тоспа іске қосылған соң ауыл шаруашылығы алқаптары ағын сумен тұрақты қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындары сапалы да таза ауызсуға бұрынғыдан да молынан қол жеткізетін болады, – дейді компания басшысының орынбасары, құрылысқа басшылық жасап жүрген Әсел Сатымбаева.
Расында, тау қойнауынан бастау алған мөлдір судың ауыл игілігіне айналуы – өңір тұрғындарының қуанышын бұрынғыдан да үстемелеп отырғаны анық. Бүгінгі құрылыс қарқынына қарағанда шалкөделіктердің бұрындары су молшылығына кетіп жүрген еселері еселеп қайтатынына сенімдері серпіле түседі десе болады. Тоспа толып, су арық-атыздарға тараған шақта егістік жайқалып, шабындық құлпырып, ауыл ажары бұрынғысынан да көркейе түспек. Ал сүзгіден өтіп, құбыр арқылы әр шаңыраққа жететін тіршілік нәрі тұрғындардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретіні тағы да аян.
Сөйтіп, Шибұт тауының баурайынан ірге көтерген бұл нысан тек су жиналатын орын емес, ауылдың ертеңіне бағытталған, ел еңбегінің берекесін арттыратын игіліктің қайнар көзіне айналмақ. Реті келгенде іс тетігін іскерлікпен шешуді мақсат етіп жүрген техникалық қадағалаушы Ғалым Бестаев, жүк тиеуші Еркебұлан Иманов, құм-тас таптайтын трактор иесі Сатыбалды Сембаев, «КамАЗ» жүргізушісі Хайдар Әлімбеков секілді азаматтардың есімдерін атай кеткен орынды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы
