Қарадаланың бренді мен сәніне айналған өрік биыл да өндірімді өнім берді. Бағбаншылықпен айналысқан шаруалардың жыл бойғы еңбегі ақталып, риза болып жатқан жайы бар. Республика көлемінде өрік өсіруден алдыңғы орында тұрған Ұйғыр ауданы өткен жылы бастаған «Apricot Fest» фестивалін биыл «Өрік Fest» атауымен өткізді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дәріптеп, өңірдің туристік әлеуетін танытуды мақсат еткен шараға жергілікті тұрғындармен қатар, алыс-жақыннан келген қонақтар да қатысты.
Ауданда бүгінгі күнде 4000 гектардан астам жеміс бағы бар. Оның 3193 гектары дәл осы өрік бақтары. Бүгінгі күнде 2145 гектар бау өнім беріп тұр. Биылғы жоспар бойынша орташа өнімділікті 95,0 ц/га-ға дейін арттырып, жалпы өнімді 20 378 тоннаға жеткізу көзделген. Алайда көктемгі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 634,5 гектар өрік алқабы үсікке ұшырады. Осыған орай биылғы болжамды көрсеткіш 1510,5 гектар алқаптан 14 350 тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 170 тоннаға аз.
Бүгінгі күнде 1098 гектар алқаптан орташа өнімділік – 95 ц/га құрап, 10 431 тонна өнім жиналды. Жиналған өнімнің 7823,5 тоннасы ішкі нарыққа бағытталса, 2607,5 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталды.
Аталған шара баспасөз турымен басталды. Республикалық, облыстық ақпарат құралдарының өкілдері ең әуелі Ават ауылында орналасқан «Илтыз» шаруа қожалығының төрағасы Армидин Таировпен кездесіп, 20 жылдан астам уақыттан бері бақ өсірумен айналысып келе жатқан бағбанның қызықты әңгімесін тыңдады. Ол 7 гектар аумақты алып жатқан өрік бағын аралатып, биыл өнім ерекше болғанын айтып, әр гектарына 20 тоннаға жуық өнім алуға мүмкіндік барын жасырмады. Өрік өсірудің қыр-сырын да сөз етті. Сонымен қатар табиғи өнімнің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы, әсіресе бүгінде балалардың ағзасында азайып кеткен темір, ферритин дәрумендерін де дәл осындай таза өнімнен алуға болатынын айтып, елімізде өрік өңдеу мәселесін бірінші кезекке қойып, балаларға өз өнімімізді ұсынуымыз қажет деген ойын да ортаға салды.

Таулы аймақтарда су тоспаларының жоқтығы шаруалардың жүздеген, мыңдаған гектарды игеруіне қолбайлау болып отырғаны да шындық. Бұл мәселені де сөз еткен Армидин Шамшидинұлы алдағы уақытта тау етегіндегі елдімекендерге су тоспаларын салса, жүздеген гектар жер жасыл желекке айналар еді. Әрі ол халықтың әлеуметтік жағдайын да арттырар еді деген ойын да ортаға салды.
«Илтыз» шаруа қожалығынан соң журналистер қауымы омарташылардың жұмысымен танысты. Ауданда Калмаковтар отбасын танымайтын жан сирек. Данил Михайлович бүгінде атасы аманат еткен омарташылықпен айналысып, жас болса да өз кәсібінің майталманы атанған. Көктем шыға салысымен өрік бақтарын, одан кейін жоңышқа гүлдегенде таулы аймақтарға қарай көшіп-қонып, ала жаздай араның бабын тауып, бағып, сапалы өнім алып, сол өнімін өз тұтынушысына ешбір қоспасыз таза күйінде ұсынып отырған жеке кәсіпкер жылына 3-4 тоннаға дейін бал жинайтынын айтты. Ауа райына байланысты бұл сандар кей жылдары артып, кей жылдары кемуі де мүмкін. Әрине, бал арасынан жақсы өнім аламын десеңіз, оның күтімін де соған сай жасау керек. Айналасы 3 шақырымға дейін шарлап, гүлден шырын жинап, бал өндіретін аралардың еңбекқорлығы мен ерекше баптауы туралы әңгіме қозғаған Данил келген қонақтарға өз өнімінен ауыз тигізді.
Бүгінгі күнде ауданда 30 омарташы бар. Оның ішінде 12 кәсіби омарташы – 2100-ге жуық ара ұясымен табысты жұмыс істеп, осы іспен айналысып жүрген жандар. Ал қалғандары – бұл істің қыр-сырын енді меңгеріп, кәсіптің тереңіне енді бойлай бастаған омарташылар. Жылына 40 мың тоннадан астам бал өндіріледі екен сол омарташылардың арқасында. Олардың жұмысы тек бал алумен шектелмейді, бау-бақша шаруашылығына қосар үлесі де зор. Атап айтқанда, өрік бақтарын сапалы тозаңдандыруда таптырмас көмекші. Дәл осы табиғи тозаңдану процесі жеміс өнімділігін арттырып, өріктің сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Алдағы уақытта ара шаруашылығы мен бау-бақша секторы арасындағы осы тығыз байланысты одан әрі күшейту жоспарлануда. Бұл – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың және ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтерудің ең озық жолы.

«Өрік Fest – 2026» фестивалі аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлшария Қайырова, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми қызметкері, PhD докторы Жансая Матайқызы, «Агромарт» ЖШС сату бөлімінің менеджері Гүлдана Ибрагимова және тағы да басқа осы саланың зерттеушілері мен майталман мамандары қатысты.
Конференцияның модераторы Ұйғыр аудынының әкімі Бота Елеусізова ең әуелі бұл басқосудың мақсаты – ауданымыздың брендіне айналған өрік шаруашылығын дамыту мәселесін талқылау екенін айтты.
«Ұйғыр ауданы республика бойынша өрік өсіруден жетекші орындардың бірін алады. Ауданымызда өндірілген өрік өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясына экспортталып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатыр. Сонымен қатар саланы одан әрі дамыту жолында өнім сақтайтын заманауи қоймалардың жетіспеушілігі, логистикалық мәселелер, өнімді қайта өңдеу және өткізу нарықтарын кеңейту сияқты өзекті жайттар да бар. Сондықтан бүгінгі конференцияда ғалымдар, кәсіпкерлер мен сала мамандары осы мәселелерді талқылап, нақты ұсыныстар мен шешу жолдарын қарастыратын болады», – деген Бота Серікқызы алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлына берді.
Бақытнұр Бақытұлы ауданда өрік өсіруді дамыту тек ауданның емес, облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, республика деңгейінде жоғары орыннан көрінуіне ықпал ететін басты көрсеткіш екенін айтып, мұндағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысатындарын жеткізді. Сондай-ақ осы салада елеулі еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген бірқатар шаруаларды Алматы облысы әкімінің Құрмет гармотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Мұнан соң Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлшария Нұрсапақызы «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жеміс бақтарының карантиндік зиянкестері» тақырыбында баяндама жасап, өрік бақтарын зиянкестерден қорғау мен олардың өнімділікті төмендетудегі орасан зор ықпалын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми қызметкері, PhD докторы Жансая Матайқызы болса «Қазақстанның оңтүстік-шығысы үшін өріктің перспективті сорттары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамадан алынған ақпар өте көп болды. Өрік өсіруде тек ағашты алып, еге салу емес, оның жерге, ауа райына қолайлы түрін талғай білу әрі соны ғылыми тұрғыда жетілдіре білу шаруалар үшін қажеттілік екенін ұғындырды. Ал «Тенгрикут» шаруа қожалығының басшысы Уйғун Арзиев өзінің жылдар бойғы тәжірибесін ортаға салып, өндірістегі өзекті мәселелерді жіпке тізді. Осындай ғылыми конференциялардың маңыздылығын атап өтті. «Өрік ағашының өнімділігін арттырудағы энтомофильді тозаңданудың маңызы» тақырыбында баяндама жасаған омарташы Таңатар Әбдікерім де тұщымды ой айтып, бал арасы мен өрік өсірудегі тығыз байланыстың маңызын айтып, ара арқылы өнімді еселеп арттыруға болатынын нақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Осылайша конференция барысында өрік шаруашылығын дамыту, жеміс бақтарын қорғау, өнім сапасын арттыру, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, экспорттық әлеуетті кеңейту, сондай-ақ ара шаруашылығының жеміс өнімділігіне әсері жан-жақты талқыланды.
Ғылыми конференциядан соң қонақтар мен аудан тұрғындары Шонжы ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңына жиналды. Олар өрік өнімдерінен қойылған көрмені тамашалады. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ, Іле, Кеген аудандарынан келген қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен Қарқара жәрмеңкесіндегі жәдігерлерді көріп, қызығушылық танытты.
Фестивальда сөз алған Бақытнұр Бақытұлы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ыстық ықыласы мен ізгі ілтипатын жеткізіп, «Өрік Fest» экотуризм мен өңірлік экономиканың дамуына серпін беретін жобалардың бірі екенін атап өтті. Ал Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы екінші рет өтіп отырған фестивальдің маңызын айтып, жергілікті шаруалардың ауданымыздың туристік әлеуетін арттыру мақсатында осындай ауқымды шараны қолға алып отырғандарын сөз етті. Сонымен қатар аудан халқының өрік өсіруден еліміз бойынша алдыңғы орында тұрғанын мақтанышпен айтты. «Өрік фестивалі» жыл сайын жалғасын тауып, республикалық, халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап отырғандарын да жеткізді.

Фестиваль соңындағы «Алатау әуендері» концерттік ұжымы, «Alatau Voice» тобы, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары қатысқан ашық аспан астындағы мерекелік концерттік бағдарлама кештің сәнін келтіре түсті. Осылайша, екінші мәрте өтіп отырған «Өрік Fest» Қарадаланың атын тағы бір аспандатты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
