Перейти к содержимому
Главная страница » Қарттар үйіне тапсырылған тағдыр

Қарттар үйіне тапсырылған тағдыр

Қазақ халқы ежелден үлкенін сыйлап, қариясын қазына санаған ел. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген нақыл сөздер халқымыздың санасына терең сіңген. Бүгінде заман өзгеріп, қоғам жаңарғанымен, адамдық қасиет пен перзенттік парыз өзгермеуі тиіс.

Мен Алатау қаласы Отбасын қолдау орталығында маман болып қызмет атқарамын. Жұмыс барысында тағдырдың талай ауыр көріністеріне куә боламыз. Соның бірі – қараусыз қалған қарт адамдардың тағдыры.

Жуырда Алатау қаласы Заречный ықшамауданының тұрғыны С. есімді жалғыз қалған, күтімсіз, денсаулығы нашарлаған қарияны қарттар үйіне орналастыруға мәжбүр болдық. Бұл – маман ретінде атқарылған міндет болғанымен, адам ретінде жүрекке ауыр тиді. Себебі ол кісінің де бір кезде отбасын асыраған әке, әлпештеп өсірген ата болғаны анық. Уақытында бала-шағасы үшін түн ұйқысын төрт бөлген жанның өмірінің соңында жалғыз қалуы – қоғам үшін үлкен ойланарлық мәселе.

Қазақта «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында терең мән жатыр. Яғни ата-ана қандай күйде болса да, олардан теріс айналмау, қамқор болу – перзенттік міндет. Қартайған шақта адамның мінезі өзгеруі мүмкін, денсаулығы әлсірейді, кейде күтімді көп қажет етеді. Бірақ сол кезде жанынан табылу – баланың адамгершілігінің өлшемі.

Бүгінде кей жастар ата-анасын «ауыртпалық» деп қабылдай бастады. Материалдық жағдайды, уақыттың тапшылығын себеп етеді. Алайда дүниеде ата-ананың ақ сүтін, маңдай терін ештеңемен өлшеу мүмкін емес. Қарттар үйі ешқашан туған шаңырақтың жылуын алмастыра алмайды.

Әрбір жас ұрпақ мына бір ақиқатты ұмытпауы керек: бүгін біз ата-анамызға қалай қарасақ, ертең өз балаларымыздан соны көреміз. Мейірім мен қамқорлық – тәрбиемен берілетін қасиет. Егер бала ата-анасына құрмет көрсетуді көріп өссе, ертең өзі де сол жолды жалғастырады.

Қарттарға қамқорлық – тек отбасының емес, тұтас қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін айна. Сондықтан үлкенді қадірлеу, жалғыз қалған қарияларға жанашыр болу – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Қадірлі жас ұрпақ! Уақытша дүниеге алданып, өмірдің шынайы құндылықтарын жоғалтып алмаңыздар. Ата-ана – Алланың адамға берген ең үлкен нығметі. Олардың батасын алып, разылығына бөлену – екі дүниенің бақыты.

Қариясын құрметтеген елдің рухы биік болады.

Қижаукен Бақытгүл

Алатау қаласы отбасын қолдау орталығының маманы