Перейти к содержимому
Главная страница » ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС АРТА ТҮСПЕК

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС АРТА ТҮСПЕК

Алматы өңірінде сапарлап жүрген Тайланд Корольдігінің делегациясы облыстық әкімдікте болды. Алдымен облыстық сәулет және қала құры­лысы басқар­масының басшысы Болат Мұсылманбеков қонақтарды Қонаев пен Алатау қала­ларының Бас жоспарымен таныс­тырды. Одан кейін облыс әкімінің орын­басары Бақытнұр Бақытұлы делегация құра­мымен кездесу өткізді.

Басқосуды ашқан Бақытнұр Бақытұлы меймандардың сапарын Алматы облысы мен Тайланд Корольдігі арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалады. Биыл Қазақстан мен Тайланд Корольдігі арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 34 жыл толып отырғанын, бүгінде инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық дәйекті түрде нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге былтыр Пхукет қаласында Қазақстан Республикасы Консулдығының ашылуы екіжақты қарым-қатынастың дамуына және мемлекеттер арасындағы байланыстың кеңеюіне қосымша серпін бергенін айтты.
– Алматы облысы – Қазақстанның ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірінің бірі. Шетелдік қонақтар саны бойынша облыс Алматы және Астана қалаларынан кейін үшінші орында тұр. Әсіресе Тайланд Корольдігі азаматтарының өңірге деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өткен жөн. Былтыр Тайландтан 45 турист келген болса, биыл бес айда бұл көрсеткіш 414 адамға жетті. Бұл оң үрдіс алдағы уақытта гуманитарлық байланысты нығайтуға, туристік ынтымақтастықты дамытуға және халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге ықпал етеді деп сенемін. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына көлік қатынастарының кеңеюі де елеулі үлес қосып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Тайланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі қатынап, азаматтар мен бизнес өкілдерінің еркін қатынауына қолайлы жағдай жасап отыр. Биыл 24-28 мамыр аралығында облыс делегациясы Тайланд Корольдігіне барып, THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Сапар қорытындысы бойынша Тайландтың жетекші туристік қауымдастықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер туристер ағынын ұлғайтуға және Алматы облысының туристік әлеуетін Оңтүстік-Шығыс Азия нарығында ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді, – деген облыс әкімінің орынбасары Алматы облысы мен Тайланд Корольдігі арасындағы ынтымақтастық әлеуеті туралы сөз сабақтады.
Келесі кезекте Тайланд Корольдігі Сыртқы істер министр­лігінің Халықаралық экономикалық мәселелер департаменті экономикалық ақпарат бөлімінің директоры Дисади Чамлонграсдраның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, сапар мақсаты – Тайланд Корольдігінің үш негізгі бағытқа негізделген экономикалық дипломатиясын жүзеге асыру. Бүгінгі Тайланд делегациясының құрамында 12 компания бар. Олар құрылыс және құрылыс материалдары, азық-түлік және азық-түлік өңдеу, агробизнес, ойын-сауық индустриясы, цифрлық технологиялар, «ақылды қала» шешімдері және басқа да салаларды қамтиды. Мұнда келмес бұрын Тайланд пен Қазақстан бизнесі арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарына жүргізген зерттеу нәтижесінде азық-түлік өндірісі мен өңдеу саласында үлкен мүмкіндіктер бар екенін байқағанын айтқан Дисади Чамлонграсдра «Ақылды қала» жобалары, цифрлық технологиялар, құрылыс және құрылыс материалдары салаларының да келешегі мол екенін тілге тиек етті. Бұл сапардың екі тарап үшін де өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік беретініне көпшілік назарын аударды.
Одан кейін облыстық өңірлік даму орталығы жобалар бөлімінің басшысы Мәди Жандыбай өңірдің инвестициялық әлеуеті жөнінде таныстырылымы қонақтар назарына ұсынылды.
Кездесуді қорытындылаған Бақытнұр Бақытұлы Қазақстан Республикасындағы Тайланд Корольдігінің Елшілігіне екіжақты байланыстарды нығайту және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды тұрақты қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Күнжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ