Перейти к содержимому
Главная страница » «Келешек мектептері»: қауіпсіз әрі жайлы орта

«Келешек мектептері»: қауіпсіз әрі жайлы орта

Елімізде білім беру жүйесін жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл бастама оқушыларға заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруды, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуді және барлық балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауды көздейді. Соңғы жылдары халық санының өсуіне байланысты көптеген өңірлерде мектептерге түсетін жүктеме артты. Кейбір білім беру ұйымдарында оқушылар үш ауысыммен оқып, сыныптардағы бала саны белгіленген нормадан асып кеткен. Осындай өзекті мәселелерді шешу мақсатында мемлекет жаңа үлгідегі мектептердің құрылысын қолға алды.

     «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтеріп жатқан білім ордалары халықаралық талаптарға сай жабдықталуда. Мектептерде кең әрі жарық сыныптар, заманауи зертханалар, робототехника кабинеттері, STEM бағытындағы оқу бөлмелері, кітапханалар, спорт және акт залдары, асханалар мен демалыс аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Жобаның тағы бір ерекшелігі – білім беру кеңістігін тек оқу процесіне ғана емес, оқушылардың жан-жақты дамуына бейімдеу. Оқушылар шығармашылықпен айналысуға, ғылыми жобалар әзірлеуге, спортпен шұғылдануға және түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады. Бұл олардың қабілетін ашып, болашақ мамандығын саналы таңдауға ықпал етеді. Заманауи мектептердің салынуы педагогтердің жұмыс істеуіне де қолайлы жағдай жасайды. Мұғалімдер жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, интерактивті оқыту әдістерін енгізуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына және оқу үдерісінің тиімділігін күшейтуге оң әсер етеді.

      «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – тек жаңа ғимараттар салу ғана емес, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді бастама. Бұл жоба арқылы балалардың қауіпсіз, жайлы әрі заманауи ортада білім алуына жағдай жасалып, өңірлер арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықтарды азайту көзделген.

      Білім – елдің болашағын айқындайтын басты құндылық. Сондықтан «Келешек мектептері» жобасы өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды инвестиция болып саналады. Заманауи талаптарға сай салынған мектептерде тәрбиеленген бүгінгі оқушылар – ертең еліміздің ғылымын, экономикасын және қоғамын дамытатын білікті мамандар мен елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын азаматтар болмақ.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ