Перейти к содержимому
Главная страница » Кітап оқу – мәңгілік қажеттілік

Кітап оқу – мәңгілік қажеттілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бұдан бұрынғы ішкі саясатты нығайтуға пәрмен беретін Жарлықтың жалғасы іспетті. Абайдың «Қара сөздерін» ұлттық кітап нышанына жатқызудың мәнін енді тереңірек ұққандаймыз. Сондықтан күллі қоғамды, әсіресе жастарды кітап оқуға баулу, зерде қалыптастыруға барынша ынталандыру – маңызды міндет. Кітап оқудың қажеттілігі мемлекеттік деңгейде қолға алынса, ұлт болашағының да жарқын болары сөзсіз.

Өмірде өзгермейтін құндылық­тардың бірі – адам капиталы. Кез келген мемлекеттің қуаты мен келешегі ең алдымен оның білімді, парасатты әрі жаңашыл ойлайтын азаматтарының деңгейімен өлшенеді. Сондықтан халқымыз ертеден-ақ рухани байлықты материалдық игіліктен жоғары қой­ған. Ата-бабамыздың «Малымды алсаң, ал Құдай, пейілімді алма!» деген тағылымды сөзі де осыны аңғартады. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», – деп атап өтті. Президенттің бұл пікірі зияткер ұлт қалыптастырудың страте­гиялық маңызын айқын көрсетеді.
Егер адам таным көкжиегін ке­­ңей­туге ұмтылмай, тек күн­де­лік­ті материалдық қажеттілік­тер­мен шек­телсе, елдің ертеңіне қызмет ететін асыл мұраттарды жүзеге асыру қиынға соғады. Ұлттың дамуы мен өркендеуі рухани кемелдікке, білім мен ізденіске тікелей байланысты. Ал зердені шыңдап, ой-өрісті кеңейтетін ең қуатты құралдың бірі – кітап. Сондықтан кітап мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бастамалардың мемлекеттік деңгейде қолдау табуы бәрімізді қуантады.
Өткенге көз салып, тарих беттерін парақтасаңыз, көп жайды аңғарамыз. Біздің Ұлы даламызда әйгілі Отырар кітапханасының болуының өзі неге тұрады?! Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың данышпандық деңгейге жеткені – кітаптың және кітапхананың әсері.
Кеңестік кезеңде де кітапқұмарлық зиялылықтың бір парасы ретінде жақсы әдетке айналған. Өзінің жеке кітап­ханасын жасақтаған білімді жандар аз болмаған. Осы орайда түбі бір түрікті түгендеген филолог, атақты ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың талғамы мен ұқып­тылығына қайран қаласың. Оның жеке кітапханасында ешкімде жоқ құнды шығармалар сөреден орын алған. Әрі мұрагері, әрі шәкірті болған қаламгер Құлбек Ергөбек ағамыз кейін жиналған мол мұраны демеушілер тауып, жеке ағарту нысанына айналдырғаны – үлкен өнеге. Сол сияқты, 8000 кітап жина­ған көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің қоры да неше атан­ға жүк болған­дай қазыналар қатарына қосылды. Осы тектес игі істер қазақтың қа­ламгерлері мен ғалымдарының көп­шілігіне тән. Бұдан кітапқа деген тең­дессіз сүйіспенші­лік­тің қандай екенін аңғарамыз. Осындайда хакім Абайдың «Артық ғылым кітапта», ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Көркем сөз – көңіл тілі», Шығыс ойшылы Әлішер Науаидың «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген даналық сөздері ойымызға оралады.
Арғы-бергіні саралай келгенде, бір нәрсеге көзіңіз анық жетеді. Кітап оқуға апаратын алғашқы соқпақ – сіз бен біз күн сайын тұтынатын мерзімді басы­лым­дар, яғни газет-журналдар. Ендеше баспасөзге деген ықыласты кітапқа деген құштарлықпен бірге қарастырып, күн тәртібіне шығарсақ, ұтарымыз мол болар еді.
Кез келген қарымды қаламгердің шығармашылық өмірбаянына үңіл­сеңіз, бір-біріне ұқсас келеді. Олар қо­лына қалам ұстаған алғашқы қадамын «Балдырған», «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан пионері») сияқты балалар басылымынан бас­таған. Редакцияға тұңғыш рет хат жолдағандарын әлі күнге дейін емірене еске алады. Егер сол газет-журналдағы аға-әпкелері жас таланттың жетістігі мен кемшілігін дер кезінде көрсетіп, ұлы мұратқа бағыттамаса, діттеген биігіне шыға алмас па еді деп те ойлайсыз. Осын­дай байланыстар қаламгерді ғана өсірген жоқ, зерделі оқырманды да дайындады. Балалар мен жасөспірімдер басылымдарын Мұзафар Әлімбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова тәрізді есімдері ел есінде қалған марқасқалар­дың бас­қарғаны «жанам деген жүрекке от бергенмен» бірдей еді.
Біздің ойымызша, кітап оқуды жандандыру үшін өткеннің озық тәжірибесін бүгінгі күн талабына сай қайта жаңғырту – орынды қадам. Ұлттық идеологияны арқау еткен қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік басылымдардың мазмұны бұқаралық ой-пікірмен толығып отырса, олардың қоғамға ықпалы артып, оқырман қатары да көбейе түсер еді. Өйткені халықтың баспасөзбен етене араласуы – рухани дамудың, қоғамдық сананың кемелденуінің айқын көрінісі. Әсіресе ағарту мекемелерінің баспасөзге жана­шырлығы маңызды.
Газет-журнал оқыған адамның ізде­ніс аясы кеңейе түседі. Басы­лымға жа­зылсаң, оны өзің ғана пайдалан­байсың. Отбасындағы үлкен-кіші түгел тұтынып, оқу мен тоқуға дағдыланады. Қолынан кітап түспейтін сезімтал да сергек жаңа тол­қын легі қалыптасады. Соның арқасында әлеуметтік желіні талғамсыз пайдалану азаяды. Қалауын тапса, алынбайтын қамал жоқ деген осы емес пе?!
Қағаздан алыстау «модаға» айналған бүгінгі таңда әлемдегі ахуал қандай екен деп бірқатар сарапшының талдауына назар салдық. Қуаныштысы, күдер үзетіндей халде емеспіз. Басылымнан, кітаптан безе бастағандар қателігін дер кезінде ұғып, оқуға қайтадан құштар­лық танытып жатыр. Қалта телефоннан көз алмаудың ең алдымен балала­рына орасан зиян келтіретінін адамдар түбегейлі сезіп, біле бастағандай.
Осы тұрғыдан алған­да, кітап оқуға бет бұрған мемлекеттердің тәжірибесі қызықтырмай қоймайды. Ол тізімнің басында Еуропа елдері тұр. Мәселен, Франция үкіметі ақпараттық кеңістікті күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Жастардың мемлекеттік баспасөзге тегін жазылуын қамтамасыз етіп отыр. Қытай кітап пен басылымдарды тұрақты оқуға батыл кірісіп кеткен. Кеше ғана бір шекпеннен шыққан көршіміз Ресей ше? Олар да бұл іске идеологиялық тұрғыдан мән бере бастаған. «Сонда олардан біздің қай жерміз кем?!» деген заңды сұрақ туады. Ендеше «Өзімізді өзіміз жаттай сыйлаудың» үлгісін көрсететін мезгіл жеткен сияқты. Мұғалімдерді газетке жазы­лудан қорғайтын кәсіподақтар келесі кезекте, бәлкім, қамқорлықтың басқа түріне ауысатын шығар деп үміттенеміз. Екіншіден, баспасөз бен кітаптың сапасы да оқырманды өзіне тартатын, заман талабына сай болу керектігі айтпаса да түсінікті.
Нарықтық экономикаға көш­кен ал­ғашқы жылдары қаржы­ның жетіс­пеушілігін сылтаура­тып, кітапханаларды жабудың сүйкімсіз үрдісі белең алғаны бәрімізге белгілі. Оның соншалық өрескел қате болғанын уақыттың өзі көрсетті. Кітапханасын жауып тастаған жұрт одан кейін не істейді? Олар сары басылым­дарға әуестене бастаған. Одан келе қызығушы­лық әлеуметтік желіге ауысты. Соның сал­дарынан бір шаңырақтағы әке мен бала қатар отырып, келешек туралы кеңесуге мұрша таппай қалды. Әркім өз теле­фонынан көз айырмайтын халге жетті. Редакторлық сұрыптаудан өтпейтін, отбасы – ошақ қасы төңірегіндегі арзан әңгімелерді тыңдауға көшті. Әрине, мұны әркімнің өз шаруасы деп, жылы жауып қоя салуға болады. Бірақ бұл әрекеттер ел болашағына кері әсер етпей қоймайды Осыдан тіксінесіз. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болу» керектігін бабалардың бекер ескертпегені сондықтан ғой.
Дегенмен елімізде қуанатын, тілге тиек ететін деректер де баршылық. Биылғы алғашқы тоқсанды қорытын­дылаған кезде кітап оқитындар саны 11 миллионнан асқаны анықталды. Жұрт Әзілхан Нұршайықов, Бердібек Соқпақбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртазалардың кітаптарын іздеп жүріп оқыған. Алматы облысында да бұл үрдіс қанат жайып келеді. Бүгінде облыс көлемінде 145 кітапхана жұмыс істейді. Барлығы 2 млн 800 мың кітап қоры бар. 4 кітапхана модернизациядан өтіп, іші-сырты жаңа заманға сай жасақталды. Оқырмандарға қызмет көрсету сапасы да артып келеді.
Оқуы мен тоқуы қалыптасқан зер­делі ұлт озық технологияны еркін мең­гереді. Жасанды интеллектіні пай­далануда бәсекеге төтеп береді. Еш­кімге алдан­байды, есесін жібер­мейді. Мемлекет басшысының атал­ған Жарлығы – жай айтылған нау­қандық тапсырма емес. Ол – адам мен қоғамның дамуына ұлттық деңгейде мән берудің ең үлкен көрінісі. Тәрбие мен тәлімді жолға қоятын ұзақ мер­зімді бағдарламаның басты құжаты. Оның ойдағыдай жүзеге асуына бәріміз мүдделіміз.

Болат МӘЖИТ