«Елу жылда ел жаңа» демекші, іргетасы қаланған уақыттан тұп-тура елу жыл өткенде Масақ орта мектебіне көптен күткен күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Әрине, ауыл тұрғындары үшін бұл – үлкен қуаныш. Өйткені ауылдағы жалғыз білім ордасы жаңарып жатыр. Дегенмен күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берілген нысандардың жай-күйін бақылай барған халық қалаулылары ондағы бірқатар кемшілікті анықтаған. Алматы облыстық мәслихатының кезекті сессиясында депутат Болатжан Нұрбеков сол кемшіліктерді жіпке тізгендей тізбелеп берді. Осы орайда Масақ орта мектебіндегі мән-жайды білу үшін Еңбекшіқазақ ауданы Қ.Ұлтарақов ауылына арнайы барып қайттық.
Масақ орта мектебінің ғимараты 1975 жылы бой көтерген. Сол уақыттан бері осы күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2009 жылы мектептің шатыры ғана ауыстырылған. Күрделі жөндеу жүргізуге қаражат 2025 жылы бөлінген. Былтыр тамыз айында басталған жұмыс уақытынан бұрын, 2025 жылдың 30 желтоқсанында аяқталды. Ғимарат әлдеқашан дайын болғанымен, бұл мектептің оқушылары – 460 бала көрші жатқан Шелек ауылындағы Ә.Қайдар атындағы қазақ орта мектебіне бір жыл тасымалданды. Өйткені Масақ орта мектебінің материалдық-техникалық базасы жабдықталмаған. Оның мән-жайын аудандық білім бөлімінен сұрағанымызда, 2025 жылдың қараша айында білім басқармасына Масақ орта мектебінің материалдық-техникалық базасын сатып алуға бюджеттік сұраныс жолданғанын айтып, «Информатика, физика және химия кабинеттерін заманауи талаптарға сәйкес толық жабдықтау мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылды. Аталған өтінім аясында оқу кабинеттерін қажетті оқу-зертханалық құралдармен, компьютерлік техникамен, интерактивті құрылғылармен, тәжірибелік және демонстрациялық жабдықтармен, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкес құралдармен қамтамасыз ету көзделген. Атап айтқанда, информатика кабинетін компьютерлермен, принтерлермен, интерактивті тақтамен және желілік құрылғылармен жабдықтау, физика және химия кабинеттеріне зертханалық үстелдер, тәжірибелік құрал-жабдықтар, реактивтер, өлшеу құралдары мен қауіпсіздік техникасына қажетті жабдықтар алу жоспарлануда» деген ақпарат берді. Алайда дәл қай күні материалдық-техникалық база толық қамтылатыны белгісіз. Мектепте 17 оқу кабинеті, 1 спортзал, 1 кітапхана, 1 медкабинет, 1 асхана бар. Мәжіліс залы жоқ. 460 оқушыға білім беріп жатқан 48 мұғалім бар.
Хош, енді облыстық мәслихаттың сессиясында депутат Болатжан Нұрбеков көтерген мәселеге оралсақ. «Сыртынан қарасаң, көзің тояды, бірақ ішіне кіріп, сапасына үңілгенде, көңілің қалады. Үлкен сыныптарға салынған радиатордың саны жеткіліксіз, қыста балалар қалай оқиды? Оқушылардың өміріне тікелей қауіп төндіріп, электр сымдары ашық-шашық жатыр. Сарқынды су жиналатын орын қоршалмаған. Бұл да балаларға қауіпті. Жөндеу жұмыстары бітпей жатып төбеден сорғалап су ағып тұр. Кеше салынған асфальт бүгін үгітіліп жатыр. Қыздар мен ұлдарға киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылмаған. Әжетханалардың есіктері ДВП материалынан жасалған, жиектері қапталмаған. Су тисе, ол ісініп, шашылады да қалады. Оқушылардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары болуы керек емес пе?» – деп дабыл қаққан депутаттың деректерін көзбен көріп, камерамен түсіріп келдік. Мектеп құрылысында басқа да мәселе көп екен.
Көзіміз алдымен қурап қалған гүлдерге түсті. «Суару жүйесі мүлде қарастырылмаған. Мектеп ауласында не тартылған құбыр, не арық жоқ. Аулаға айналдыра ағаш көшеттері мен гүл отырғызылды, бірақ бәріне суды шелектеп тасимыз. Ал гүлзарға сары топырақ төгілген. Жаңбыр жауса, езіліп, күн шықса, қап-қатты болып кеуіп тұрады. Сары топырақтың асты – құрылыс қалдықтары. Гүл отырғызатын кезде жігіттер жерді әрең қазды», – дейді мектеп директоры Гүлназ Ұлтанбекова. Шынымен де, әр жерде құрылыстың тас-кірпіштері шығып, көрініп жатыр.

Гүлзардағы гүлдер қурап жатқанымен, асфальтты тесіп шыққан көк әр жерде жайқалып тұр. «Мұның себебі – асфальт жұқа. Үгітіліп, шашылып жатыр. Асфальт төселмей тұрып, оның орны дұрыс тапталмаған. Асфальтты тесіп шыққан шөпті күнде жұламыз», – дейді мектептің шаруашылық меңгерушісі Болат Жұманов. Гүлдегенімен қатар асфальттың әр жері ойдым-ойдым болып ойылып та кетіпті.
Ары қарай мектеп ғимаратын бір айналып шықтық. Мектептің артқы жағында тау болып үйілген үйінді менмұндалап тұр. Бұл сарқынды су жиналатын орын екен. Қоршалмаған. «Балалар осыған шығып, арандап қалса, қайтеміз?» деген директордың алаңдауы орынды. Құрылыс алаңынан шыққан қалдықтар дәл осы жерге төгілгендей. Арбиып, үлкен бетондар мұнда да топырақтың астынан шығып жатыр. Мектептің оң жағындағы алаңға үш үстел теннисі қойылған. Балалар бір уақыт ойнап, сергіп қалатын жақсы дүние, бірақ теннис үстелдері тұрған жер – тағы сары топырақ. Не тегістелмеген, не қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған. Ойын кезінде оқушылар ары-бері жылдам қозғалуына кедергі әрі қауіпті.
Футбол алаңы ауланың қоршауына қарай, ауылдың орталық көшесіне жақын орналасқан. Алайда алаң биік қоршалмаған. Осы орайда доп көшеге шығып кетіп, оқыс жағдай орын алмасына кім кепіл?! Айтпақшы, футбол алаңына екі жаққа қақпалары да қойылмапты. Қақпаның темірлері мектептің артында жатыр. Оны мектеп қызметкерлері өздері қойып алатын болыпты. Қоршау демекші, мектепті айналдыра қоршаған темір шарбақтың кейбір тұсы жерден тым биік қойылған. Салдарынан мектеп территориясына кім көрінген оңай кіре алады.
Кез келген ғимараттың іргетасына су өтіп, зақым келмеуі үшін әдетте іргені айналдыра жарты метрдей бетон құйып жататынын білеміз. Алайда бұл мектепте бетонның орнына асфальт төселген. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған ғимаратқа бұл тәсілдің қаншалық орынды екенін құрылысшылар өздері білер. Құрылыс саласында тәжірибеміз болмағандықтан, әрине, бұған баға бере алмаймыз. Тек көзбен көргенімізді айтамыз. Мұндағы асфальттың да астынан әр жерде қылқиып шөп шығып тұр. Ал шатырдан аққан жаңбыр суы осы асфальтқа келіп құйылады. Суағардан ағатын суды гүлзарға қарай бұратын арық қарастырылмапты. Қыста бұл жердің көк мұз болып жататынын аңғару қиын емес.

Мектеп ауласы айтарлықтай кең. Алайда барлық жер күнге күйіп, сары топырақ тілімденіп, сахарадай кеуіп жатыр. Ол жерге төселетін газон қап-қабымен мектептің бір кабинетінде жиналып тұр. Кім, қашан төсейтіні белгісіз. Ары қарай әжетхананың есіктерін көрдік. Суға, ылғалға төзімсіз құрылыс материалы ДВП-ны сырлап қолданыпты, бірақ кескен жиектері қаптамасыз кедір-бұдыр болып ашық тұр. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған дәретханада кәріз құбырын жүргізген шұңқырдың бетіне төртбұрыш тақтайдан есік жасап, бос күйінде жауып қойған. Кез келген бала оңай көтеріп аша алады. Ал ондағы иіс мүңкіп тұр. Мұндай жағымсыз иіс ыстық су құрылғысы тұрған жерде де бар. Онда не терезе ашылмайды. Терезесі ашылмайтын тағы бір кабинет – директордың хатшысы отыратын қабылдау бөлімі. Әдетте адам көп келетін жерді желдету жағдайы жасалуы керек емес пе?! Мектептің шаруашылық меңгерушісі Болат Жұмановтың айтуынша, архив кабинетіне орнатылған ауа сорғыш құбырының беті ашық қалған. Соның салдарынан бөлмеге шыбын-шіркей толып кетсе, химия кабинетінің ауа сорғышынан шатырдан үздіксіз қоқыс түседі екен. Информатика кабинетінен екеу болса, соның бірінде тоқ көзі жоқ. Мүмкін еденмен жүргізілетін болған шығар, бірақ бүгінде еденге төселетіннің бәрі төселіп қойған. Ал екіншісіне әр оқушыға арналып қойылатын компьютерлер саны ескерілмеген.
Ескерілмеген тағы бір жайт – ұлдар мен қыздар дене шынықтыру сабағына барғанда киім ауыстыратын бөлмелері. Ол да жоқ. Мектептің спортзалында баскетбол, волейбол ойындарына арналған қажетті қалқан, шеңбер де, тор тартатын ілмектер де орнатылмаған. Барлық сынып кабинеттеріне жылытқыш радиаторларын орнату кезінде кабинеттің ауданы ескерілмеген. Мысалы,
56 м2 кабинетке қойылған жылытқыш радиаторының саны – 18 ғана. Бұл радиаторлар 18-20 м2 бөлмелерді жылыту үшін қойылады. Ескертуден кейін мердігер мекеме радиатор санын талапқа сай арттырып жатыр екен. Алайда істеп жатқан жұмыстың өзі талапқа сай болмай тұр. Олай дейтініміз, еденді қайта-қайта ойып-теспеу үшін жаңадан қосылған радиаторларға пластик құбыр жалғап, оны алғашқыдағы, яғни радиатор қосылғаннан кейін орта тұста қалған темір құбырға жалғап қойған. Біріншіден, бұл қауіпті. Өйткені ертең балалар аяғымен басып, пластик құбыр жарылатын болса, қыста ғимарат жылусыз қалуы ғажап емес. Екіншіден, жамап-жасқап қойған дүние ерсі көрініп, көзге бірден түседі. Бала қауіпсіздігі үшін алаңдататын тағы бір жайт – бір емес, бірнеше жерде электр сымдарының ашық жатуы. Бұл аталғандар – көзге көрінгендері. Көрінбей қалғандары алдағы уақытта тағы шығып жатса, мектеп әкімшілігі мердігерге кепілдік міндеттемелері аясында ретке келтіріп алар.

Осыншама кемшілікпен бұл нысанды пайдалануға жарамды деп қалай қабылдап алғанын білу үшін тапсырыс беруші, әрі қабылдап алушы – Алматы облысының құрылыс басқармасына ресми хат жолдадық. Басқарма басшысы Жасұлан Оңалбаевтан келген жауап төмендегідей:
«Тапсырыс беруші – «Алматы облысының құрылыс басқармасы» ММ. Бас мердігер – «СЕМ-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС. Авторлық қадағалау – «ҚостанайАгропромпроект» ЖШС. Техникалық қадағалау – «КурылысТехНадзорСервис» ЖШС. Нысан пайдалануға қабылдау комиссиясының құрамында Алматы облысының құрылыс басқармасының мамандары, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері, сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері болды. Нысан ҚР қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес пайдалануға қабылданды. Нысанды қабылдау барысында техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы тексеріліп, нысанның жобаға сәйкестігі расталды. Сонымен қатар нысан бойынша барлық қажетті құжаттар толық рәсімделген, оның ішінде: техникалық қадағалау қорытындысы, авторлық қадағалау қорытындысы, сәйкестік декларациясы, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы туралы қорытынды, нысанды пайдалануға қабылдау актісі бар. Қабылдау қорытындысы бойынша нысанды пайдалануға беруге кедергі келтіретін елеулі ақаулар анықталған жоқ. Сонымен қатар нысан бойынша анықталған ескертулерге байланысты мердігер ұйымға кемшіліктерді жою туралы тиісті хаттар жолданды, талап-шағым жіберілді. Мердігер ұйым өзіне жүктелген кепілдік міндеттемелерді ҚР заңнамасына сәйкес орындайды».
Депутаттық сауалдан кейін қандай шаруа атқарылғанын білу үшін Болатжан Саймасайұлына хабарластық. «Бұл мәселені қаңтар айынан бері көтеріп келемін. Құрылыс басқармасына да, мердігер мекемеге де талай мәрте айттым. Алайда «ертең-бүрсігүні» деген құрғақ уәделерімен бүгінге жеттік. Амал жоқ, мәслихат сессиясында депутаттық сауал жолдауыма тура келді. Қазір нысандағы барлық кемшілікті жоюға мердігер мекемеге бір ай уақыт берілді. Жұмыс талапқа сай жүргізілмесе, тиісті шара қолданып, компанияны мемлекеттік лицензиясынан айыруға дейін барамыз. Өйткені мектеп компанияның жеке қаражатына емес, мемлекеттің қаржысына салынып жатыр. Оның әр тиынын тиімді пайдаланып, толыққанды есеп беруі керек. Бұл жұмыс біздің бақылауымызда болады», – дейді депутат.
Әрине, жарты ғасыр жөндеу көрмеген ғимарат әлдеқайда жаңарып, көркейіп қалды. Үлкен жұмыс атқарылған. Енді аталған кемшіліктердің орнын толтырып, ретке келтірсе, мектептің материалдық-техникалық базасы да жабдықталып, ауыл балаларының қатарластарынан кем қалмай, кедергісіз, сапалы білім алуына да бар жағдай жасалады деп сенеміз. Мемлекеттен бөлінген қаржы ел игілігі үшін жұмсалуы керек.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы
