Тәуелсіздік тұғырына қонғанына биыл 35 жыл толып отырған Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, барлық бағыттар бойынша оңды нәтижелерге жетіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бүгінгі сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен жүздескенде аймақтың жетістіктеріне оң баға бергені осыны аңғартса керек.
Жалпы, Алматы облысының экономика мен әлеуметтік саладағы табыстары жайлы айта келіп, Президент құрылысы қолға алынған Алатау қаласының мемлекетіміз үшін стратегиялық мәні жоғары жоба екеніне баса мән берді. Сонымен қатар, Алматы облысының орталығы болғанына төрт жыл толған Қонаев қаласының жай-күйіне де тоқталып, бұл бағытта атқарылған істерді атап өтті.
Иә, өткен уақыт аралығында жасалынған жұмыстар аз болған жоқ. Өңірдің өндірістік әлеуетінің артуы, тартымды ахуал қалыптастырудың нәтижесінде инвестиция әкелушілердің қатарының көбеюі, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй құрылысы бойынша айта қаларлықтай алға жылжу бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының сонымен қатар Қонаев қаласының көркейіп, дамуына ерекше мән бергені бізді ерекше қуантты. Бұл пәрменнен кейін облыс орталығында әсем де биік тұрғын үйлер, салтанатты мәдениет пен спорт, әкімшілік ғимараттары, мемлекеттік мекемелер бой көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта түседі деп сенеміз. Ол үшін, әрине, жұрт болып жұмыла еңбек етіп, еліміздің, оның ішінде облысымыздың дамуына үлес қосуымыз қажет.
Жанат Исағұлов,
Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы.
Қарасай ауданы
