Перейти к содержимому
Главная страница » Өрт қауіпсіздігін қамтамсыз етеді

Өрт қауіпсіздігін қамтамсыз етеді

Кеген ауданы Алғабас ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша департаменті Кеген аудандық бөлімінің бастығы Ринат Уәлиханұлы, аудан прокуроры Алмат Амитжанұлы, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтау сөз сөйлеп, нысанның ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Алғабас ауылының тұрғыны Смағұл Дәлібаев өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарылып жатқан игі істерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Одан соң,  жаңа нысанның лентасы қиылды.

Жиналған көпшілік арнайы жабдықталған ғимарат ішін аралап көріп, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде «Урал» маркалы өрт сөндіру көлігімен, сондай-ақ қызметкерлердің жатын және асхана бөлмесімен толық қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерде осындай маңызды нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде.


Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы