Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық. Кез-келген адамның мінезі, тәрбиесі, өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасыдағы татулық пен сыйластық қоғамның да берекесіне әсер етеді. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық осы құндылықтарға қайшы екені анық. Осынау өзекті мәселенің алдын алмаса бір отбасына ғана емес, қоғамға да қауіп пен қатер төнбек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз тек күш қолдану ғана емес. Оған қорқыту, кемсіту, балағаттау, психологиялық қысым көрсету және адамның еркін шектеу сияқты әрекеттер де жатады. Мұндай жағдайлар адамның денсаулығына ғана емес, жан дүниесіне де ауыр әсер ететіні айтпаса да белгілі. Соңғы жылдары елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Заң талаптары күшейтіліп, жәбірленушілерге қолдау көрсету тетіктері жетілдіріліп жатыр. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы құндылықтарын сақтау.
Мамандардың айтуынша, көптеген отбасылық жанжалдың түп-төркіні түсініспеушілік пен ашуға ерік беруден басталады. Сондықтан қандай жағдайда да мәселені сабырмен шешуге ұмтылған жөн. Бір сәттік ашумен айтылған сөз немесе жасалған әрекет үлкен өкінішке себеп болуы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ең көп зардап шегетіндердің қатарында балалар да бар. Үйдегі ұрыс-керіс пен жанжал баланың психологиясына кері әсер етеді. Мұндай ортада өскен бала тұйық, қорқақ немесе ашушаң болып қалыптасуы мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесі үшін де отбасындағы тыныштықтың маңызы зор.
Қоғамда бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Егер жақын маңда зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген адамды байқасаңыз, оған қолдау көрсетіп, тиісті мекемелерге хабарлаған жөн. Кейде дер кезінде көрсетілген көмек бір адамның ғана емес, тұтас отбасының тағдырын, тіпті бір мемлекеттің мүддесін қорғауы мүмкін. Отбасыдағы сыйластық пен өзара құрмет бақытты өмірге бастайды. Берекелі отбасыдан тәрбиелі ұрпақ өседі, ал тәрбиелі ұрпақ елдің болашағын қалыптастырады. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Әр шаңырақта түсіністік пен татулық салтанат құрған кезде ғана қоғамда тұрақтылық пен береке нығая түседі. Өйткені отбасы тыныштығы – қоғамның тыныштығы.
Құралбек СӘБИТҰЛЫ
