Қонаев қаласында облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев төрағалық еткен сессия отырысына облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев, құқық қорғау органдары, департаменттер мен басқармалардың басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері, өңірлік мәслихат төрағалары қатысты.
Сессия барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз баяндама жасады.
– Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жою, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тұжырымдамаға сәйкес 271 елдімекен басымдыққа ие санатқа жатқызылған. Оның ішінде 90-ы тірек ауыл, 169-ы серіктес ауыл және 12-сі стратегиялық маңызы бар елдімекен болып айқындалған. Райымбек, Ұйғыр, Кеген және Жамбыл аудандары шекара маңында орналасқан. Шекара маңындағы аумақтарда кадрларды тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 2025 жылы 105 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 944 млн теңге сомасында бюджеттік кредит берілді, 299 маманға көтерме жәрдемақы төленді, – деген басқарма басшысы әр салада жүзеге асқан ілкімді істерге кеңінен тоқталды. Сонымен бірге Асылан Саматұлы 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке және «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларының бекітілген тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан толық қолдау тапты.
Келесі кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабековтің баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді, бюджеттік ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін және спортшыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы «Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп, облыстық мәслихатта бекітілген. Биыл 1 маусымға дейін 117 отбасы баспаналы болып, 11-інде несие бойынша жұмыс жүргізілуде. Бағдарламаны іске асыру барысында қатысушылардан бірқатар ұсыныс пен ескертулер түскен. Соған орай 2025 жылғы «Алатау» бағдарламасының сәтті жүзеге асуы мен оны жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізу ұсынылған. Атап айтқанда, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелері соңғы 2 жыл ел аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйге ие болмауы тиіс. Соның ішінде ортақ бірлескен меншік, үлестік меншік немесе сатып алу құқығымен жалға алынған тұрғын үй де болмауы қажет. Бағдарламаға қатысу мүмкіндігін арттыру мақсатында енгізілуі ұсынылып отырған тағы бір өзгеріс – құжаттары талаптарға сәйкес келген жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өтінімдерін қабылдау. Сонымен бірге бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, бағалау критерийлеріне өзгерістер енгізу жоспарланған. Халық қалаулылары «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасын жаңа редакцияда жазуды бірауыздан мақұлдады.
Димаш Абдуарсұлы депутаттарға облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 16 қаңтардағы № 32-167 «2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Алматы облысының іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны таныстырды. Өңірлік іс-қимыл жоспарын қайта қарау және өзектендіру жұмысы нәтижесінде жоспардағы 20 іс-шараға өзгерістер енгізілген. Жаңа толықтырулар «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты мен міндеттерін өзгертпейді, керісінше, оның облыс аумағында тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге және белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған.
Одан әрі жалғасқан сессия отырысында «Таза Қазақстан» өңірлік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамы қалыптастырылды. Сонымен қатар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізіліп, Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымынан босатылып, құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамы бекітілді.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес барлық мәселе толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессияны облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
