Талай жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтардың қуанышы артуда. Жыл басынан бері баспанасыз жүрген жандардың біразы қоныстойларын атап өтіп, пәтер кілттерін қолына алған еді. Бір апта бұрын осындай жағымды жаңалық тағы орын алып, аудандық әкімдіктің ғимаратында шаңырақ шаттығына кенелген жандар бір ортада бас қосты. Анығын айтқанда, «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 70-тен астам қарасайлыққа пәтер кілттері берілді.
Қуанышты шараға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін арнады. Ол өз сөзінде баспанамен қамту мәселесі мемлекеттің назарында екенін айтып, бұл бағытта жұмыстар әлі жалғасатынын жеткізді.
– Жыл басынан бері осы уақытқа дейін біраз пәтер кілттерін табыстаған едік. Енді, міне, осындай қуанышта жағдайда тағы бас қосып отырмыз. Тұрғын үй кезегі бойынша баспаналы болып жатқан жандарды құттықтаймын! Алып жатқан пәтерлеріңіз келешекте кеңейіп, жақсы күндеріңіз көп болсын. Отбасыларыңызға амандық, тек қуаныш тілеймін!
Мұндай қуанышты жиындар әлі де тағы болады. Өйткені мемлекетіміз баспанамен қамту мәселесін әрдайым назарда ұстап, мұқтаж отбасыларға қолдауын көрсетіп келеді. Пәтерлерді тарату жұмыстары біздің аудан да алдағы уақытта жалғасады, – деп аудан басшысы қуаныш иелеріне пәтер кілттерін табыс етті.
Ал шаңырақтың шаттығын сезінген аудан тұрғындары мұндай қуанышты күнді асыға күткендерін айтып, баспанамен қамтамасыз етуге қолдау білдірген аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Қарасай ауданында «Халықты әлеуметтік осал топтары» санат бойынша былтыр 200-ден астам пәтер берілген. Биыл оның саны артып, жылдың соңына дейін 250 тұрғынды баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал жоғарыда атап өткен 70-тен астам пәтер Қаскелең қаласы мен Елтай ауылдық округінде салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен берілді.
Өз тілшіміз
