Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы сапарын «Кеген – Нарынқол» республикалық маңызы бар күре жолының бойында салынып жатқан «Compass» жанармай бекетінің құрылыс нысанын көруден бастады.
Мұндағы құрылыс жұмысы үстіміздегі жылдың қараша айында толық аяқталып, нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Бекет жол бойындағы сервис сапасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді. Инвестициялық жоба іске қосылғанда 80 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді Марат Елеусізұлы.
Одан кейін аймақ басшысы Көлсай көлдеріне апаратын күре жолдың бойында орналасқан Қара шатқалға атбасын бұрды. Инвесторлар шатқалға шыны көпір салуды көздеп отыр. Алдағы уақытта Қара шатқалға ұзындығы 170 метрлік әйнек көпір салынып, 5 гектар аумақта сәулетті қонақүйлер мен мейрамханалар, шатырлы қалашық пайда болады.
– Кеген ауданындағы Қара шатқалда салынатын туристік көпір – халық асыға күтіп отырған маңызды жобалардың бірі. Мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, жер телімі мен электр желісін жүргізу мәселесі толық шешіліп берілді. Ендігі кезекте инвестор өз қаражатына қолға алған бұл жобаны бекітілген мерзімде сапалы аяқтауы қажет, – деген Марат Елеусізұлы өңір туризмін дамытуға үлес қосатын әрбір іс уақытында орындалуы керегін, жобаның жүзеге асырылу барысы жіті бақылауда болатынын атап өтті.
Кеген ауданындағы Қара шатқал аумағында жеке кәсіпкердің бастамасымен «Aqtogay» туристік демалыс кешені бой көтеріп келеді.
Бүгінде мұнда саяхатшыларға арналған алғашқы дәмхана, панорамалық көру алаңдары мен арнайы аттракциондар іске қосылып, келушілерге қызмет көрсете бастады. Демалыс орнына аптасына орта есеппен 1,5-2 мыңға жуық адам келеді.
Жұмыс сапары барысында Марат Елеусізұлы нысанға арнайы соғып, қазіргі жағдайымен және кешеннің екінші кезеңін дамыту жобасымен танысты.
Жоба құрылтайшысы Сырым Көлбаев алдағы уақытта шатқалдың төменгі бөлігінде заманауи кішігірім қонақүйлер, мейрамхана және өзге де белсенді демалыс инфрақұрылымын салуды жоспарлап отыр.
– Өңірімізде туризмді халықаралық деңгейге шығару үшін мұндай жеке бастамалар өте маңызды. Біз өз тарапымыздан демалыс аймағының толыққанды іске қосылуына барынша қолдау көрсететін боламыз, – деді Марат Елеусізұлы.
Сапар соңында облыс әкімі Марат Елеусізұлы екі ай бұрын еріген қар суынан су өткізу құбыры зақымданып, жолдың бір бөлігі шайылып кеткен «Кеген – Нарынқол» тас жолының 20-шақырымында, яғни су шайған көпір аумағында болды. Аймақ басшысы қайта қалпына келтірілген көпірді көріп, тиісті мамандармен тілдесті.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» Алматы облыстық филиалының директоры Ғани Мырзаханов зақымданған жол бөлігі қайта қалпына келтіріліп, жаңа көпір салынғанын, жол инфрақұрылымының табиғи апаттарға төзімділігін арттыру шаралары іске асырылғанын облыс басшысына баяндап берді.
Айта кету керек, көпірге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу мақсатында мердігер мекеме тез арада анықталып, екі айдың ішінде құрылыс жұмысы толық жүргізілді. Нәтижесінде жаңа көпір пайдалануға берілді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

