Бабалар жолы, оның тарихы мен тағылымы ұрпақтар жадынан өшпей, бірге жасай берері хақ. Сондай тұлғалардың бірі – Кеген өңірінің тумасы, батырлығымен, ақылымен елді ұйытқан Таңатар би Айтұлы. Ол кісіге қатысты деректер шежірелерде хатталып, ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен тарихи естеліктер арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр.
Қазақ халқының ұлттық ұйысуы, қоғамдық ұйымдасуының негізгі көзі рулық құрылым болғаны белгілі. Тарихи деректер мен зерттеулерге зер салсақ, ру тек белгілі бір атадан тараған қандас туыстар одағы ғана емес, сонымен қатар өзіндік әлеуметтік қорғаныс тетігі қызметін атқарған. Ру мүшелері шаруашылық қиындықтары туындаған жағдайда, руаралық түсініспеушіліктер кезінде, сырттан төнген қауіп-қатермен күресуде бір-біріне қолдау көрсетіп отырған.
Шежіреге сүйенсек, Албан атадан Шыбыл мен Сары тарайды. Шыбылдан – Қызылбөрік пен Қоңырбөрік, Сарыдан – Сүйерқұл мен Таубұзар (Сүйменді). Таубұзардан – Айт, Бозым және Қыстық. Ел ішінде алғашқы екеуін біріктіріп «Айтбозым» деп атаған екен. Таңатар баба – Айттың бәйбішесінен туған үлкені. Әрі қарай Уанашы, Мамадайыр, Абыта (Бидайшы) ұрпақтары өсіп-өнген.
Таңатар баба есімі халық жадында ел билеушісі, әрі бітістіруші тұлға ретінде қалған. Көнекөз қариялардың дерегі бойынша Таңатар баба мен оның ұрпақтарының жатқан жері қазіргі Райымбек ауданы Сүмбе ауылының арғы беті, яғни Қытай шекарасына қарасты аймақта, Үйсін тауының етегінде, Өртекестің бойында, Ойқарағай-Қасаң деген жерде болса керек.
Бабалар қорымының шекарадан тысқары қалуының бірнеше тарихи себептері бар. XVIII ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының құлауы мен Еділ қалмақтарының ауа көшуіне қатысты оқиғалардан еліміздің Оңүстік-шығыс, Шығыс аймақтарының тарихи даму жолында жаңа геосаяси күштер пайда болды. 1845-47-жылдары Албан мен Суан Ресей билігін мойындады (Статистика Росийской империй, 1895: 15). Жоңғар хандығын талқандағаннан кейін Іленің сол жағалауы жаңа шекара ретінде Қытай билігіне өтсе де, олар бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Іленің сол жағалауында тұтас қоныстанып отыра берді. Патша үкіметінің аймақта жүзеге асырған өзге ұлттарды қоныстандыру саясаты жергілікті халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан қыстау, күздеу мен жайлау ретінде пайдаланып жүрген аймақтарын тарылтты. Бірақ олар бұрынғы әдетімен шекараның ар жағында қалса да, Іленің оң жағалауындағы қоныстарына келуді тоқтатпаса керек. 1885 жылы патша әскері оларға күш көрсетіп, Іленің оң жағалауына көшіп-қонуға тыйым салады. Дегенмен ХХ ғасырдың басына дейін Айт-Таңатар ұрпақтары да шекара сызығын елемей, бұрынғы атақонысында болады. ХХ ғасыр басындағы аласапыран заманда да ары-бері көшетін дағдымен бас сауғалап шекарадан асады.
Ұлы жүз аумағы Ресей империясының әкімшілік жүйесіне өткенде Таңатар баба ұрпақтары негізінен Жаркент уезін мекендеген. Қыстаулары Алтынемел тауының оңтүстік бөктерінде, Алтынемел, Тізгін, Шылбыр, Үшбұлақ өзендерінің бойында, Іле өзенінің сол жағалауындағы Қаратөбе, Қызылжиде, Үшқоңыр, Қоянды, Айдарлы деген жерде орналасты. Айт руының келесі бір бөлігі Шарын өзенінің батысынан Верный уезіне дейін, ал оңтүстігінде Темірлік өзенін және Кетпен жоталарын жайлады. Орыс деректерінде Таңатар ұрпақтарының 1910 жылдары Кеген, Қайқы, Қарағайлы, Сарытау алқаптарын күздеу, қыстау ретінде пайдаланғаны нақты жазылған. Ал жазда атақты Қарқараны жайлаған.
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Семей облысы әскери губернаторының Сібір әкімшілігіне 1865 жылы 29 маусымда берген мәліметінде Ұлы жүзге кірген қазақтардың, оның ішінде Айт болысына қараған рулар санын төмендегідей көрсетеді: Таңатар бөлімі – 125, Бидайшы бөлімі – 150, Қалыбек бөлімі – 300 (Қытай билігіне қарайды), Сүйіндік бөлімі –160, Жанбаба бөлімі – 100, сонымен қатар Айт руына қарайтын қыстықтардың Оңтағар бөлімі – 25, Жайын бөлімі – 40, Таңат бөлімі – 70, Бәйбіше бөлімі – 40, Тоқал бөлімі – 60, барлығы 1070 түтінді құрады. Айт болысының басшысы – Жансерке Жайнақов, Таңатар бөлімінің ауыл старшыны – Жұмыр Бүркітов, Бидайшы мен Қалыбек бөлімінің ауыл старшыны – Жаншойын Бабин, Сүйіндік бөлімінің ауыл старшыны – Қатке Кәрішалов, Жанбаба бөлімінің ауыл старшыны Әуелбек Шіркеев екендігі архив құжаттарында қатталған (ҚР ОМА. 3-қ., 1-т., 562-іс. 60, 160 пп).
1868 жылы Жетісу облысында 5 уез құрылып, Албан руы Верный уезіне қараған болатын. Өлкеге билігін толық орнатқаннан кейін Ресей үкіметі ауылдарды реттік санмен белгіледі. Ал тегінде ауылдар беделді адамдардың атымен аталуы да мүмкін. Айт ұрпақтары алғашында 1868-1882 жылға дейін Верный уезінде, ал 1882 жылдан кейін жаңа құрылған Жаркент уезінде тұрды.
1868 жылғы 12 қаңтардағы мәліметтерге қарасақ, Кетпен болыстығы 5 ауылдан тұрды. Барлығы 1005 түтін болды. Болыс прапорщигі – Жансерке Жайнақов, кандидаты – Ыстыбай Алпаров, ауыл старшындары – Алпысбай Құлетов, Қаңтар Әжин, Қибек Бұзаев, Қатыке Қаршалов, Дүмбүр Берқұтов. Ауыл билері – Бекеш Бақтияров, Ниязбек Абақов, Қаба Абайдулин, Беркінбай Кетенев болған.
1871 жылы Кетпен болысының бірінші ауылында Бозым руының Құрман бөлімі 181 түтін, екінші ауылда Айт руының Жанбота бөлімі 317 түтін, үшінші ауылда Айт руы 261 түтін, төртінші ауылда Бозым руы 208 түтін, бесінші ауылда Айт руының Таңатар бөлімі 209 түтін, жалпы болыстықта 1176 түтін тұрды. Болысы – Жансерке Жайнақов, ауыл старшындары – Әден Беков, Мейірман Бұлантаев, Алжыған Жүзбаев, Бұланбек Шомаев, Өтеген Малдыбаев. Ауыл билері – Қаба Абайылдин, Бұлантай Ақтанов, Ниязбек Абақов, Беркінбай Қытанов, Ниязбек Ерденеев болды (ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 21343-іс. 264-296 пп.). Айттын үлкен ұлы – Таңатар. Танатардан – Қанлыбай, Қабасан, Тұманбай, Хангелді тарайды. Бұл елдің мақтан тұтар атақтыларының бірі – Тілестің Әділбегі.
Архив деректеріне сүйенсек, 1871 жылы Құлжа ауданын орыс әскері жаулап алғанда Айтбозым, Қоңырбөрік және Сегізсары болыстығы болған. Олардан алынған салық пен болыстық сайлаулар қағазға қатталған. 1875-1877 жылдар аралығында Айтбозым болысының сайлауында болыс болып Әділбек Тілесов, үміткері Манас Дулатов сайланса, билер сайлауында бірінші ауыл биі болып Қожеке Назаров, екінші ауыл биіне Ілгедай Жанғозин, үшінші ауыл биіне Қоды Қанаев, төртінші ауыл биіне Жантелі Ақымбеков сайланады. (ҚР ОМА. 21-қ., 1-т., 170-іс. 116-п.) 1876 жылы Құлжа өлкесі оңтүстік участогының басшысы майор Герасимовтың жүргізген санағы бойынша Айтбозым болыстығы да төрт ауылдан тұрып, онда 948 түтін, 2428 ер, 2114 әйел, 763 түйе, 13746 жылқы 5180 ірі-қара, 86304 қойы бар екені көрсетілген.
1879 жылы патшалық Ресей билігі өзіне бағынышты болыстықтарға түрлі шен-шекпен таратуды да назардан тыс қалдырған емес. Оның дәлелі – Құлжа аймағындағы Қоңырбөрік болысының биі Еспер Башинге, Айтбозым болысының болысы Әділбек Тілесов пен осы болыстықтың биі Қожеке Назаров үлкен күміс медаль мен мойынға тағатын Станислав лентасымен, Сегізсары болысының құрметті қазағы Қасаболат Үркінбаев пен Қоңырбөрік болысының болысы Кеспер Башин күміс стақан белгісімен марапатталған. Осы жылы Еспер Башин №1877, Қожеке Назаров №1878, Әділбек Тілесов №1879 куәлікпен медаль алғаны жөнінде жазбаша түсінік бергендігі архив құжаттарында сақталған.
1882 жылы 25 қыркүйекте Верный уезі бастығының екінші көмекшісі, штаб-капитан Кашкаровтың уезд бастығына жолдаған №271 мәліметінде: «Құлжадағы албандардың жер бөлу туралы съезіне болыс басшылары Әділбек пен Атабай келмей қалды, ал Кеспер мен Еспер молда Оразалыны өз аттарынан жіберген. Мен үш болысқа жер бөлу жөніндегі съезге келуге ұсыныспен Байғабатты жібергем, ол маған Айтбозым болысының қазақтары Қожеке Назаров баласы Нұрқа және туыстарымен құлжалық албандарды Қытай бодандығында қалдыру үшін оларды үгіттеп жатқанын хабарлады. Меркі болысының қазағы Секербай Қойайдаров Қытайға өтуге келіспегені үшін анасын, әйелі, балалары, малдарын Қожеке өзімен бірге алып кеткені» туралы шағымымен растады.
Таңатар бабадан тараған танымал ұрпақтарының бірі Әділбек Тілесұлы 1920 жылы дүниеден өткен. Шойбек Мәмбетұлы, Бітебек балуан, Тойбала ақын сияқты әйгілі тұлғалардың есімі ел есінде, туған жер бедерінде сақталып қалды. Кегеннен Алматыға шығаберіс жолда «Әділбектің ақ шоқысы» атанған биік төбе, Бидайшы, Жалаулы, Уанасы, Қараш сазы, Қараш төбесі, Қайқы асуы, Бірімтай сайы атты топонимдер Таңатар баба мен оның ұрпақтарының мәңгі өшпес белгісіне айналған.
Меңдігүл Ноғайбаева,
тарих ғылымдарының кандидаты
Рашид Оразов,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих, этнология институтының ғылыми қызметкері


