Перейти к содержимому
Главная страница » АЙТЫП ӨТКЕН АҚЫНДА АРМАН БАР МА?!

АЙТЫП ӨТКЕН АҚЫНДА АРМАН БАР МА?!

«Құрметті редакция! Қазақтың талантты ақыны, марқұм Мұқағали Мақатаевтың жыр-жинақтарын жан-жүрегімізбен беріле оқимыз. Оның кітаптарын іздеп жүріп оқып, поэзия қайнарынан құмарта сусындаймыз. Енді біздің басты бір өтінішіміз бар. Ол – осы ақынның шығармашылық лабораториясынан аз да болса хабардар болу. Ойласа келе, «Лениншіл жастың» «өз ақыны» болып саналған Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы, жастық шағы, отбасы туралы бір айтса, сіздер айтар деген үмітпен хат жолдап отырмыз. Егер мүмкін болса, тілегімізді жерге тастамасаңыздар екен. Сәлеммен – газеттеріңіздің тұрақты оқырмандары – Болат Ынталиев, Серік Қойшыбаев, Төлеген Жаңабаев, Ермұқан Жұмабековтер. Қызылорда облысы». Бұл менің қолыма тиген жоғарыдағы мазмұндас екінші хат еді. Сол сәт бұл хаттан екі-үш ай бұрын келген бірінші хаттың төмендегі жолдарына тағы да көз жүгірттім: «Біз халқымыздың көптеген ұшқыр ойлы, дарынды, талантты ақындары бар екенін мақтан етеміз. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев. Оның өмірі, жастық шағы, отбасы туралы оқығымыз келеді. Осыны газет редакциясы алда ескерсе екен! Сәлеммен – оқырмандар атынан Аманжол Лапытов, Мақсұт Ғылманов, Жаңаөзен қаласы».

Бұл хаттарды редакция поштасына келген сандаған хаттан іріктеп, өзіме алып қалғандағы мақсат, орайы келсе, оқырмандар назарына ілінер материал туар деген ой болатын. Әуелде бұл хаттарды, ақынмен тұрғылас, құрбылас, сырлас, жолдас болған ақындардың біреуіне беріп, материал ұйымдастыру жайын ойлап жүрдім де, бір күні ақын жары Лашын апаймен әңгімелесу барысында (ол кісі «Лениншіл жасқа» ақынның бұдан бұрын баспасөз жүзін көрмеген өлеңдерін алып келген болатын), «Орайы келген әңгіме» рубрикасымен материал жазып көруді жөн санадым. Осындай ойға біржола табан тірегеннен кейін, Лашын апайға телефон шалып, өз мақсатымды түсіндірдім. Ол кісі қарсы болған жоқ. Тек «Жаңа пәтер алып, көшіп-қонып жатырмыз, келем десең, бір-екі күннен қалмағаның жөн болар» деді салмақпен сараңдау сөйлеп. Арада бірер сағат өткенде мен марқұм Мұқағали ақын пәтерінің қоңырауын бастым. Есікті ақынның жары Лашын апайдың өзі ашты да, мені төрге қарай бастады. Міне, жиырма жылдан астам ақын шабытының куәгері болған, күнбатысқа қараған үлкен терезе алдындағы қоңыр стол басында Лашын апайға алғаш сұрағымды қойдым.
– Лашын апай, ең алдымен, Мұқаңның балалық, жастық шағынан, өзіңіз жақсы білетін жайлардан айта отырыңыз. Мүмкін, бұл сұрағым ресмилеу де көрінер, бірақ жалғыз мен ғана емес, менің артымда хат жолдаған, ақын поэзиясын шын ниеттерімен қадірлеуші оқырман қауым тұрғанын түсінсеңіз. Іс-қағаздардың стилі болғанмен, мүмкіндігінше ақын өмірбаянын тәптіштей білудің артықтығы болмас деп отырмын.
– Дұрыс қой, інім, (аз-кем ойланып барып) Мұқағали осы Алматы облысы Нарынқол ауданына қарасты Энгельс атындағы ұжымшарда 1931 жылы 9 ақпан күні дүниеге келген. Өзінің өлеңдерінде көп кездесетін Қарасаз ауылында онжылдықты үздік бітірген. Содан 17 жасында, яғни 1948 жылы Алматы шетел тілдері институтының неміс тілі факультетінің студенті атанған. Жасынан зерек, ойы алғыр, көкірегі ояу ол институтқа қиналмай-ақ түскенмен, әрі қарай оқып кету оған өте қиын тиеді. Осылайша артынан қарайласар, қаражат берер адамның жоқтығынан Мұқағали ауылына қайтып оралады. Әкесі Мәскеуді қорғау кезінде қаза тапқан коммунист еді. Жалғыз шешесінің қолы қысқа, ағайынның қолында да бере қояр ештеңесі жоқ. Амал жоқ, ақын ауылына қайтып оралып, селолық кеңесте хатшы болып жұмысқа тұрады. Елдің енді-енді еңсе көтеріп, ес жинай басаған кезі еді ол. Соғыс сұрапылының ауыр салмағы бұл үйдің де шаңырағын шайқалтып кеткен болатын.
– Жасынан зерек, көкірегі сезімді, тілі орамды жас үшін көрген осы қиындықтардың өздері өмірлік университет қой. Ақынның жыр жинақтарын оқып отырғанда, сол бір жаралы жылдар бейнесі үнемі жүрек қылын шертіп жатады. Соған қарағанда, ақындықтың алғашқы сапары, бастау-бұлағы сол жылдардың өзінде басталған сияқты.
– Ол рас, Мұқағали өлеңді өзінің және анасының айтуынша, он бір жасынан бастап жаза бастапты. Оның алғашқы өлеңдерінің негізгі мазмұны қаһарлы жылдардың сол кездегі кескін-келбеті, ел басына түскен ауыртпалық, тылда қалғандардың сағынышы мен жүрек тербеген әртүрлі көңіл-күйлері болатын. Халық әндерінің сазымен айтылатын ауыл жырының авторы сол кезде он бірге енді ғана толған ашаң жүзді, ақсары баланың да көкірегінде қатталған жан сыры, жүрек лүпілі-тін. Ақынның алғашқы жырын тындаған қарт аналар қазір де елге барғанда, естеріне алғанда, көздеріне жас келеді.
– Мұқаңның сол жылдары жазылған тұңғыш жырларының ақын мұрағатында сақталғаны бар ма?
– Марқұм соларының өзінде сақталмағанына кейінгі жылдары өте өкініп, үнемі айтып отыратын. Және де бір күні ауылына жолаушылап, тау асып екі қырғыз келіп қоныпты да, мұның өлеңдерін тыңдап, кетерінде Мұқағалидың екі дәптер өлеңін әкетіпті. Кейін талай рет «Сол қырғыздар бар ма екен, менің өлеңдерімнің тағдыры не болды екен?» деп айтып қоятын.
– Ол кісі өте шешен, білімдар зерек кісі еді ғой. Өмірдің өзінен оқыған, жадына жақсы нәрселер тоқыған ақын білімпаздығы туралы өз тұрғыластарының талай рет риза болып айтқандарын естіген едім. Бір ойымда жүрген нәрсе, Мұқаң студенттермен кездесу кешінің бірінде «Мен де осы филология факультетінің студенті болғанмын» деп еді.
– Иә, оқуға деген құмарлық оның жанын жай таптырмады. 1952 жылы Мұқағали Қазақ университетінің философия факультетіне оқуға түсіп, онда бір жарым жылдай оқып, тастап кетті де, кейінірек филология факультетін сырттай оқып шықты. 1952 жылдан кейін Қазақ радиосына диктор болып орналасты. Бір айта кетер нәрсе, ол хабарларды, әсіресе, әдеби-музыкалық хабарларды ерекше ынтамен беріле, әсерлене оқитын. Диктор болып жүргенде жұртшылық есінде қалған көптеген әдеби хабарларды сол жүргізді. Бала көңіл адал ғой, авторын алаламай, бәрін де жан досындай қабылдап, мәре-сәре болып жатушы-тұғын.
– Лашын апай, осы жерде сәл шегініс жасасақ, ақынның бір кездерде ауылда мұғалім болып істеген кездері туралы бірер ауыз…
– Университетті тастап келген соң, мектепте орыс тілінен сабақ берді, зерек, алғырлығының арқасында бұл тілді тез арада жақсы меңгеріп кеткен еді. Мектепте жүргенде партия мүшелігіне өтті де, онан кейін Нарынқол аудандық газетіне бөлім меңгерушілігіне шақырылып, аудан орталығына көштік. Мұнда да жақсы журналист бола білді.
– Ақын өлеңдерінің алғаш рет баспа жүзін көргені қай жыл?
– 1953 жыл. Сол кезде енді ғана бастама секілді көріне бастаған жас ақындар жинағында екі өлеңі жария­ланды.
– Оның шығармалары ішіндегі, тек ақынның ғана емес, ұлы Әуезов сөзімен айтқанда, «жыл келгендей жаңалық сезіндіріп», алпысыншы жылдары казақ поэзиясына қосылған қуатты толқынның қаламынан туған өлең-дастандардың өміршең болғаны даусыз ақиқат, соның ішінде Мұқаңның Ленинге арнаған «Апассионатасының» дауысы айқын да ажарлы. Ақын осы күрделі туындысына қалай келді? Егер мүмкін болса, есіңізге түсіріп көрсеңіз.
– Ол бұл шығармасына бірден келе салған жоқ екен. Әуелде мен мұны байқаған жоқпын. Сол кезде ақын Ленин шығармаларын көп оқи бастады, оның өмірбаянын, ол туралы естеліктерді қалдырмай оқыды. Музыкалық шығар­малар туралы, солардың көсемге қатыстыларын жинай бастады. Әйтеуір қатты ізденді. Оның мән-жайын 1961 жылы маусым айында, «Социалистік Қазақстанда» «Апассионата» дастаны жарық көргенде бір-ақ білдім.
– Демек, ақын Ленинді жырлау тақырыбына үлкен дайындықпен келген екен. 1964 жылы жеке жинақ болып шыққан «Ильич» поэмасының түпқазығы осы жерден келіп шықты ғой?
– Бұдан басқа да ол бұл тақырып­та біраз қалам тербеді, бірнеше өлең жариялады. Мұның бәрінің қайнар көзі – ақын дайындығында, ізденімпаздығында, құлашының қарымдылығында жатыр.
– Ақын үшін ең жемісті шақ жылдың қай кезеңдері, тәуліктің қай мезгілдері болатын? Өлең жазғанда оңаша отыру­ды жақсы көретін бе еді, әлде жағдай таңдамаушы ма еді?
– Күзде, қыста өндіре жазатын. Көбіне өзімен-өзі оңаша қалғанды жақсы көретін, түнде жазады, кейде мен таңертең тұрғанда ол стол басынан көтеріліп, көңілді қалпымен жаңа жырларын дауыстап оқып беретін. «Жоспар орындалды» деп, жымия күліп қояды да, «Қалай бұл жазғаным?» деп бар жан-тәнімен жауап күтіп, жаутаңдай қалады. Бала көңіл ғой, сонысын білем де, жалпы жырлары жаман болмайтын, (Лашын апай сәл жымиып қойды) «Ой, жақсы екен, мына бір жолдарың әдемі екен» деп көтермелеп тастаймын. Қатты мақтанып қалушы еді марқұм (Лашын апайдың жүзіне сәл кірбің түсті). Күз айын өте жақсы көретін, күз табиғаттың толысуы, ақыл-ойдың толысуы деп үнемі айта отыратын.
– Данте («Құдіретті комедия») Орта Азия мен Қазақстан бойынша тұңғыш рет қазақша сөйледі деп «Правда» газетінде белгілі журналист Тельман Жанұзақовтың материалы басылғаны поэзия сүйгіш қауымның есінен әлі шыға қоймаған болар? Ал сол Данте мен Мұқағали Мақатаев қалай «тіл табысты», сол жөнінде аз-кем болса да…
– Дантені аударғанда ақын өте қиналды, көбіне таң атқанша тапжылмай отырып шығатын. Өте шаршайтын. Кейде ренжіп, «Неге ғана осы істі бастап едім?» деп налып отыратында арасында өлең жазып кететін. Сонда ол демалып, тыңайып қалатың. Әйтеуір бітіріп шықты-ау, 1971 жылы ол жеке кітап болып шықты. Кезінде ол туралы жақсы пікірлер айтылды.
– Күнделікті баспасөз беттеріне ақынның науқандық өлеңдері де жарияланып тұрды. Бірақ ол өлеңдер оқырманды өтінішпен жазылған кей­бір бір қайнауы ішіндегі өлеңдердей бейжай қалдырмайтын.
– Мұқағали газет-журналдардың тапсырмаларын уақытында және сапалы орындауға тырысатын. Бірақ көбіне өтінішпен жазғаңды ұната бермейтін.
– Халқымыздың қандай ұлттық дәстүрлерін, ойындарын қадірлейтін еді ақын ағамыз?
– Саятшылықты өте жақсы көре­тін. Халық әндерін нәшіне келтіре орындайтын, дауысты еді ғой.
– Міне, осы жерде ақынның әнші, ақындардан кімдерді қадір тұтқанын айта кетсеңіз.
– Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұловтарды өте қадірлеп, олар­­дың ойын өрнегін әр кез айтып, «Біздің шалдар» деп мадақтап жүретін. Әншілерден Бибігүл Төлегенова, Абай Байтоғаев, Бақыт Әшімова, Нұрғали Нүсіпжановтарды жақсы көруші еді, олар ән салғанда нұрланып, рахаттанып тыңдайтын. Оның Бибігүлге арнаған бірнеше өлеңдері бар. Жақсы көргенін жасырмайтын, жыр арнап, соларды қолпаштап отыратын.
– Ал, ақындардан…
– Әбекеңді (Әбділда Тәжібаев) өте ардақтайтын, әдемі әзілдесіп, алдынан кесе өтпей, қадірлеуші еді. Әбекең де Мұқағалиды барлық болмысымен жақсы көрді. Ақын қайтыс болғанда өте қатты қайғырды, алғашқылардың бірі болып арнайы материал жазды, өлеңдерін дайындап, баспадан шығуына қолұшын берді. Одан басқа Жұмекен Нәжімеденовті, Тоқаш Бердияровты, Фариза Оңғарсынованы нағыз ақындар деп бағалайтын, Қасым мен Төлегенді тәңірдей көретін. Әлі есімде, бірде бір туысқанымыз қайтыс болып, зиратқа солардың туысқандарымен бірге бардық. Кейін басқалар қайтқанда, ол мені ертіп алып, мәңгілік ұйқыда жатқан халқымыздың қадірлі ұл-қыздарының бейіттерін аралады. Сонда Қасым ақынның басына келіп, оның «Өзім туралы» өлеңін түгелдей жатқа дауыстап оқып шығып, «сол Қасым осы» деп біртүрлі мұңайып қалғаны бар. Орыс ақындарынан Пушкин, Блок, Есениндерді жақсы көретін, әсіресе Блок өлеңдерін жатқа айтатын.
– Ақынның жазу столында данышпан Абайдың бюсті тұруы да тегін болмаса керек?
– Мұны ертеректе достары туған күніне сыйлаған. Содан бері екеуі бір елі ажыраған жоқ. Өлең жазғанда үнемі Абай бюстін алдына қойып отыратын. Кейде «Қара шал, өлеңдерің нашар деп маған өкпелеп жүрген жоқсың ба?» деп сөйлеп отыратын. Маған біртүрлі қызық, кейде ерсілеу де көрінетін мұнысы.
– Осы жерде Мұқаңның тұрғыласы Қадыр ақынның мына бір екі жолы менің есіме түседі: ол «Ақынға күйеуге шыққан әйелге» деген өлеңінде:
Сен ақынға күйеуге шықты деме,
Сол ақынды бала ғып алдым деп біл,
– деген еді.
– Әдемі айтқан екен. Және өте тауып айтқан. Ақын жары болу деген әрі ардақты, әрі жауапты. Кейде осыны кештеу түсініп қалатынымыз да жоқ емес.
– Спорттың қандай түрлеріне қол соғатын?
– Бокс. Сондықтан болар, ұлдарын бокс секциясына жазғызды.
– Лашын апай, редакцияға келген хаттардың ішінде ақын отбасы туралы да білсек деген өтініш бар еді, соның орайы келіп қалған сияқты.
– Мұқағали екеуіміз 1949 жылы қосыл­дық. Менің мамандығым – мұғалім, әдебиетші. Төрт баламыз бар: ең үлкеніміз – Жұлдыз ҚазМУ-дің заң факультетін бітіріп, мамандығы бойын­ша қызметкер, Алмагүл – жұмысшы, Айбар да жұмыс­шы, кенжеміз Шолпан 8-сыныпта оқиды, арманы – әдебиетші болу.
– Ақынның «Өмірдастан» деп аталатын таңдамасы 1976 жылы көктемге таман шықты-ау деймін. Көзі тірісіңде алғашқы даналарын көре алды ма?
– 1976 жылдың қысынан бастап ақынның ауруы күрт меңдей бастады. Басын кішкене көтергенде «Лашын-ау, ағып барамын» деп айта беретін. Сол кезде өзі қатты қадірлейтін ағасы Әбекең (Әбілмәжін Жұмабаев) Мұқағалидың жағдайын көріп, кітабын тездеттірді. Сөйтіп, ақпан айының алғашқы онкүндігінде «Өмірдастанның» он данасын (алғашқы сүйінші данасы) беріп жіберіпті. Марқұм өте қатты қуанды. Алғашқы қолтаңбасын елден келген бір балаға жазды. «Мұның өмірдастаны енді-еңді басталып келеді, сосын ең әуелі жазып отырмын», – дегені есімде. Өзі бара алмайтын болғасын Әбекеңе арнап жазған данасын менен беріп жіберді. Жаңа айттым, бұл ақпан айының алғашқы онкүндігі болатын, бірақ сол қолтаңбалардың бәрінің астына «27 наурыз, 1976 жыл» деп жазған-ды. Мен байқасам да, неге бұлай жаздың деп сұрамадым. Сөйтсем, марқұмның жүрегі алдын ала сезген екен ғой, дәл 27 наурыз күні қайтыс болды. Қалай ғана дәл білген деп әлі күнге дейін таңданамын. Кейін бұған Әбілмәжін аға да қатты қайран қалған.
Лашын апай бұдан әрі сөйлемей, отырып қалды. Мен де үнсізбін. Аз-кем уақыттан кейін барып, апайға әңгімесі үшін рахметімді айтып, орнымнан көтерілдім. Әрине, бұл әңгімені мен бірден жазып тастай алмадым. Көкейімде жүрген сол бір сұхбатты оқырмандар назарына енді ұсынып отырмын.
Ақын өмірі енді оның өлмес өлеңдері болып жалғасуда. Поэзияны сүйіп, қадірлейтін бүгінгі өрелі оқырман қауым онымен тағы да кездеседі.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай?! – деп ақынның өзі айтқандай, «өлеңінен өмір жасап берген қазақтың талантты ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырлары бүгінгі бақытты өмірдің жүрегінде тынбай соғады. Лирикалық «Мені» халықтық «Менге» айналған ақынның арманы болмас, сірә?!

Өтеген ОРАЛБАЕВ
1981 жыл