«Намысы бар жігіттің нар күші бар» демекші, 1996 жылы Сербияның астанасы Белградта Қырғызстанның еңбек сіңірген спорт шебері, кикбокстан үш дүркін әлем чемпионы, «Кикбокс королі» кубогының иегері атанған 25 жастағы тәжірибелі Шабан Шадмановты ешқандай атағы жоқ Елмұрат Қайыпжанов жеңіп, сенсация жасап, айды аспанға шығарады.
Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылынан Алматыға келіп, қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түскен 18 жастағы Елмұрат Қайыпжанов достарымен бірге 1993 жылы қаладағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен кикбокстан халықаралық турнирдің жанкүйері болып қатысады. Сол жарыста 51 келіде өнер көрсеткен ұлты түрік Қырғызстан спортшысы Шабан Шадманов жарыстың үздік спортшысы атанады. Жарыс қорытындысы бойынша «Ең үздік спортшы» деп танылған Шабанды құрметтеп, кубогын табыстап, иығына шапан жауып, астына ақбоз ат мінгізеді. Жеңістің буына шаттанып, тілшілердің сұрағына жауап беріп тұрып: « Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ» деп астамдық жасайды. «Бүркіттің сайрағаны – өлгені» демекші, үш жыл өткен соң, өзінен бес жасар кіші қазақтың Елмұратына тізе бүгетінін қайдан білсін ол кезде.
Сол кикбокс турнирін тамашалауға барған Елмұратты Шабанның «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ» деген сөзі қамшымен арқасынан осып жібергендей сезіндірді. Бокспен айналысып жүрген Елмұрат осы оқиғадан кейін кикбоксқа түбегейлі бет бұрған еді. Сол кезде Қазақстанда кикбокстың даңқы дүрілдеп тұрған кез. Бұл спорт түрінің іргетасын елімізде қалаған Сабыржан Махметов еді. Ол өз шәкірттеріне өтпелі қиын кездің өзінде қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Еліміздің әр өңірінде үйірмелер ашылып жатты. Оқу-жаттығу жасауға, халықаралық жарыстарға шығуға еш кедергі болмады. Аз уақыттың ішінде білікті бапкерлер дайындаған қазақстандық кикбоксшылардың асығы алшысынан түсті. Халықаралық жарыстарда жерлестеріміз жақсы өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасы әлемдегі озық командалар қатарына қосылды. Олармен төрткүл дүние санасатын деңгейге жетті. Осы оңтайлы кезде Елмұрат көп ойланып жатпады. «Қоянды қамыс, ер жігітті намыс өлтіреді». Шабанның сөзінен соң «Абылай хан» спорт клубында жаттығуды бастап, жеке бапкері Азат Нәдірбековтің арқасында өзі армандаған биік белестерді бағындыра бастады. Бала кезден Дәулет Тұрлыхановтай мықты балуан болсам деп армандайтын. Кинолардан Брюс Ли, Жан Клод Ван Дам сияқты спорт шеберлерінің өнеріне қатты қызығатын. Мектепті бітірген соң Алматыдағы спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Өзінің сүйікті спорты бокспен айналысты.
Айналдырған үш жыл аралығында Елмұрат Мұқашұлы талай елішілік жарыстарда алдына жан салмай, спорт шебері дәрежесіне көтерілді. Сондай жетістіктің арқасында 21 жастағы Елмұрат халықаралық ареналарда ел намысын қорғау құрметіне ие болды. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Белдескеннің белін сындыр, тірескеннің тізесін бүктір. Қайратыңды әдісіңе жолдас ет, әдісіңді ақылыңа жолдас ет» деген жалынды сөзіне жігерін жаныды.
Белградтағы жекпе-жекте Елмұрат әуелі Алжирдің, одан кейін Италия, содан соң Португалияның спортшыларынан басым түсіп, ақтық бәсекеде атышулы Шабаннан есе қайтару сәті туады. Шабан шаршы алаңға алшаң басып шықты. Атағы жоқ Елмұратты менсінбеді де. Ол өзіне өте сенімді еді. Тізгінді бірден қолға алып, жекпе-жекті тез аяқтай салмақ болған Шабан алдында біраз шабуыл жасады. Соққысының ауыр екенін білетін Елмұрат қорғана жүріп, қарсыласының қарым-қабілетін байқап көрді. Екінші раундта шабуылды үдеткен Елмұрат қарсыласын ауыр соққылардың астына алды. Шабанды бір рет нокдаунға да жіберді. Жамбасқа да алып ұрды. Мұндай қарсылықты күтпеген қырғыз спортшысы бас көтере алмай қорғануға көшті. Елмұраттың қолмен де, аяқпен де жұмсаған жойқын соққылары дөп тиіп жатты. Төрешілер Елмұрат Мұқашұлының мықтылығын мойындады. Елмұрат – Еуропа чемпионы. Өзін жеңетін қазақтың бар екенін сонда ғана сезген Шабанның жігері құм болды.
Осы Белградтағы бәсеке қазақтың намысқой ұлы Елмұраттың бағын ашты. Одан кейінгі талай жарыста атой салып, жеңіске жеткен жерлесіміз 1996-2000 жылдары екі дүркін Еуропа және Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері атанды. Дубровик пен Бішкекте өткен әлем чемпионаттарында қола медальдарды місе тұтты. Төрт жыл бойы кикбокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны болды. Сонымен қатар Е.Қайыпжанов ушу-саньдадан бірқатар республикалық және халықаралық турнирде топ жарды.
Елмұрат Шабан Шадмановпен тағы да екі рет шаршы алаңда кездесті. Бішкек қаласында өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Елмұраттың басымдылығы байқалғанмен, өздерінің атақты спортшысының сағын сындырғысы келмеген ұйымдастырушылар жеңісті Шабанға беріп жіберді.
Ал 2000 жылы Алматыда өткен «Ғасыр матчында» қос батырдың жолы тағы да түйісті. Екеуі де жеңіс үшін бар күші мен айла-тәсілін қолданып бақты. Қатты соққылар да алмасып жатты. Сондай бір сәтте жерлесіміз нокдаун алып қалды. Тез есін жиған Елмұрат қарсыласын алдап та, арбап та соққы жасады. Қайсар қазаққа қайрат көрсете алмаған Шабан жеңіліс тапты.
1995 жылдан кейін «Олимпиада бағдарламасына енбейді» деген желеумен кикбоксқа деген қамқорлық күрт кеміді. Алайда басқа жарыстарға барғанда үнемі намыс туын нық ұстап, биік белестерді бағындырып жүрді. Сөйтіп 26 жасында үлкен спорттан қол үзген Е.Қайыпжанов өмірден өз орнын тапты. Әуелде Алматыдағы Спорт және туризм, сондай-ақ ішкі істер академияларында қызмет етті. Болашақ спортшылар мен сақшыларға жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйретті. Кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрды. Кәсіптен түскен табыстың біраз бөлігін ауыл спортын дамытуға жұмсады. Шелекте Райымбек батыр атындағы спорт кешенін салуға және Нұра ауылында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған монументті салуға атсалысты. Осы аталған ауылдарда облыстық, республикалық турнилердің өтуіне мұрындық болды.
Кейін Шелек ауылындағы №2 жасөспірімдер мен балалар мектебін басқарып, жаттықтырушылармен облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде танылып жүрген жас спортшыларды баптап, қияға қанат қақтырды. Атап айтқанда, әйелдер күресінен Інжу Баққожа – Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы, былтыр Испанияда өткен халықаралық турнирде чемпион атанды. Ал бокстан жастар арасында Еляур Турганова 2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлемдік жарыста төртінші рет алтын медаль иесі атанды. Бұдан да басқа шәкірттері биік белестерді бағындырып келеді. Елмұраттың бұл еңбегі ескеріліп, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атанды. «Жомарт жүрек» төсбелгісімен марапатталды. Қазір Елмұрат Алматы қаласында жас спортшыларды облыстық, республикалық жарыстарға баулуды одан әрі жалғастыруда.
Анарбек БЕРДІБАЕВ
Шелек ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы

