Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қарабұлақ ауылдық Мәдениет үйінде «Jastar PARTY» атты тағылымды кеш өтті. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, рухани құндылықтарды қалыптастыру және құқықтық мәдениетті арттыру.
Кеш шымылдығы жастардың басын қосқан тартысты әрі қызықты интерактивті ойындармен ашылды. Білім сайысында қатысушылар барынша белсенділік танытты. Жеңімпаздар арнайы сыйлық және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар аталған шарада жастар кинокөрсетілім тамашалап, сол фильмнен алған әсерін ортаға салып, пікір алмасып, өзара ой бөлісті.
Ұйымдастырушылар жастардың потенциалын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру үшін мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу маңызды екенін атап өтті.
«Осындай келелі кездесулер жаңа идеяларға шабыт береді, жастардың сенімін нығайтады және олардың қоғамда оң өзгерістер жасауға әлеуеті зор екенін айқын көрсетеді», – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Мерғалиұлы.
Осылайша, өнер кеші жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп, көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас жарқын сәттер сыйлады.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Кеген ауданы

