Тіл – ұлттың жаны, рухани тірегі, ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы. Қай кезеңде де сөздің салмағы мен құны айрықша болған. Ал бүгінгі цифрлық дәуірде оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ақпарат кеңістігі кеңейіп, коммуникация құралдары сан түрлі сипат алған заманда әрбір сөз тек ой жеткізудің құралы ғана емес, қоғамдық санаға ықпал ететін маңызды күшке айналып отыр.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талап жүктеуде. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейте түсті. Осындай жағдайда сөз құндылығын сақтау – тек тіл мамандарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сөз мәдениеті – ұлттық болмыстың айнасы. Цифрлық кеңістікте тіліміздің табиғи тазалығын сақтай отырып, оны заман талабына бейімдеу – уақыт талабы. Бұл ретте қазақ тілінің ғылыми-техникалық және цифрлық терминологиясын жүйелеу, сапалы контент қалыптастыру, мемлекеттік тілдің цифрлық ресурстардағы үлесін арттыру маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Бүгінде интернет кеңістігіндегі қазақ тіліндегі сапалы контенттің үлесін арттыру – мемлекеттік тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларда сауатты әрі мазмұнды қазақтілді ақпараттың көбеюі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін қалыптастырады. Сондықтан әрбір азаматтың цифрлық ортадағы тіл мәдениетіне жауапкершілікпен қарауы – уақыт талабы.
Жаһандану үдерісі көптілділікті заман қажеттілігіне айналдырды. Бірнеше тілді меңгеру – жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Алайда бұл ана тілінің мәртебесін әлсіретуге емес, керісінше оны нығайтуға бағытталуы тиіс. Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін басты құндылық, ал өзге тілдерді меңгеру – ашықтық пен дамудың кепілі.
Облыста тіл саясатын іске асыру барысында мемлекеттік тілдің жетекші рөлін сақтай отырып, көптілділікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ұлттық рухани тұтастықты нығайтып, жаһандық кеңістікке еркін бейімделуге мүмкіндік береді.
Биыл облыс әкімінің қолдауымен тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған «Көп тіл – бір әлем», «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты облыстық іс-шаралары осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі болды. Жоба аясындағы кездесулер мен тағылымдық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – облыс көлемінде көп тілді еркін меңгерген азаматтарды анықтау, қолдау және насихаттау, жастардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, цифрлық дәуір жағдайында сөз мәдениеті мен тіл тазалығының маңызын кеңінен дәріптеу, сөз құндылығын насихаттау, қоғам мүшелерін саналы әрі жауапты тілдік қарым-қатынасқа тәрбиелеу және интернет кеңістігінде сауатты сөйлеу дағдыларын қалыптастыру болды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтіп, сөз құндылығын сақтау – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін ерекше айтты.
Шынында да, «сөз құндылығы» ұғымы – тек тілдік мәселе ғана емес. Бұл – мәдениет, тәрбие және жауапкершілік мәселесі. Әсіресе цифрлық ортада әрбір азаматтың сөзге деген ұқыптылығы мен құрметі қоғамның жалпы мәдени деңгейін айқындайды. Сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу – тек жеке адамның емес, тұтас ұлттың беделін көрсететін маңызды өлшем.
Ана тілі – ұлттың рухани коды. Цифрлық дәуір қанша жерден технологиялық сипат алғанымен, сөздің қадірі мен тілдің құндылығы ешқашан төмендемейді. Керісінше, жаңа заманда мемлекеттік тілдің беделін арттыру, қазақ тіліндегі контенттің үлесін көбейту және оны цифрлық кеңістікте кеңінен дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз. Мемлекеттік тілдің болашағы – оны құрметтеп, күнделікті өмірде сауатты әрі белсенді қолданатын қоғамның қолында.
Индира Ұзақ,
Алматы облыстық «Тіл»
оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары
