Еңбекшіқазақ ауданында прокуратураның бастамасымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және уәкілетті мемлекеттік мекемелер бірлесіп «Жылдамдықты азайт – өмірді сақта!» ұранымен түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жылдамдықты шамадан тыс арттыру салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Жыл басынан бері аудан аумағында 140 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 13 адам қаза тауып, 263 азамат түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Бұл көрсеткіштер жол қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін айқындап, алдын алу жұмыстарын күшейтудің маңызын көрсетеді.
Іс-шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға жол қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді. Әсіресе белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу және жол үстінде қауіпті әрекеттерге жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге арнайы ақпараттық жадынамалар таратып, жылдамдықты арттырудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ белгіленген жылдамдықтың аз ғана мөлшерде асырылуының өзі ауыр жол апатына және адам шығынына әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Аудан прокуратурасының мәліметінше, жылдамдықты шамадан тыс арттыру жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау, көлік тізгінінде мұқият болу және әрбір жүргізушінің жеке жауапкершілігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі саналады.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені жолдағы қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.
