Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, Алатау қаласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударуы өңір жұртшылығы үшін маңызды оқиға болды.
Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Президенттің «Алатауды бірегей құқықтық мәртебесі бар қарқынды дамитын қала деп атауға болады» деген пікірі аталған жобаның стратегиялық маңызын айқындай түседі. Сондай-ақ Алатау қаласының еліміздегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналатынын атап өтуі – Қазақстанның инновациялық даму жолындағы батыл қадамы.
Әсіресе, қала құрылысында отандық өнімдерді пайдалану, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жоғары деңгейдегі сервистік қызмет көрсету жөніндегі тапсырмалар ел экономикасына тың серпін беретіні анық.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Алатау мен Алматы қалаларын байланыстыратын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Президент айқындап берген бұл міндеттер мен бастамалар Қазақстанның орнықты дамуына қызмет етеді. Алатау қаласы болашақта жаңа экономикалық орталыққа айналып қана қоймай, озық технологиялар мен инновациялардың тоғысқан, әлемдік талаптарға сай ақылды қала боларына сенімім мол.
Алмасбек НҰҒЫМАН,
Кеген аудандық мәслихатының төрағасы
