Перейти к содержимому
Главная страница » Жол қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі

Жол қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі

Алматы облысы аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Облыс аумағында көлік қозғалысының қарқындылығы жыл сайын артып, жол қозғалысына қатысушылар саны көбейіп келеді. Әсіресе Алматы қаласымен іргелес орналасқан аудандарда көлік ағынының артуы жол қозғалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды күшейтуде.

Қазіргі таңда облыс көлемінде “Заң мен тәртіп” қағидатын жалпыластыру мақсатында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтарды азайту және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Қауіпсіз жол», «Балалар», «Жаяу жүргінші», «Мопед», «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп келеді. Бұл шаралар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.

Уақыт өткен сайын еліміздегі көлік құралдарының саны артып келеді. Көлік санының өсуі өз кезегінде жүргізушілер қатарының көбеюіне әкеледі. Сондықтан жол қозғалысына қатысушылардың барлығының жауапкершілігі артып, «Заң мен Тәртіп» қағидатын қатаң ұстану қажеттілігі туындайды. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек жеке қауіпсіздік емес, өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың да маңызды кепілі.

Алматы облысының аумағы арқылы республикалық және халықаралық маңызы бар ірі автожолдар өтеді. Бұл жолдарда тәулік бойы үздіксіз көлік қозғалысы жүреді. Сондықтан жүргізушілердің тәртіпті сақтауы, көлік құралдарының техникалық жағдайының талаптарға сай болуы және барлық қажетті құжаттардың заң талаптарына сәйкес рәсімделуі ерекше маңызға ие.

Жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс. Осы уақытта жасөспірімдердің велосипед, самокат және мопед сияқты көлік құралдарын пайдалану жағдайлары жиілейді. Ата-аналар балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарауы қажет.

Жол қауіпсіздігі – тек полиция қызметкерлерінің немесе уәкілетті органдардың ғана міндеті емес. Бұл – әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ жауапкершілігі. Заң талаптарын сақтау, өзара сыйластық таныту және жол мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, қауіпсіз қоғам құра аламыз.