Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі алкоголь тұтыну екені жасырын емес. Зияны мен зардабы көп сусын тек бір адамның ғана емес, тұтас отбасының, тіпті қоғамның тыныштығын қашырып, берекесіздікке бастап жатқаны анық. Сондықтан әлеуметтік дертке айналып, талай отбасын әбігерге салған алкогольмен күресті дер уақытында қолға алмасақ, қоғамға төнген қауіп пен қатердің қатары артары анық. Осы жолда мамандар көбіне алкоголизмнің салдарымен күресуден бұрын, оның алдын алу мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтады. Расымен де неге ішті, не үшін ішті деп адамды айыптағаннан гөрі оны сол зиянды сусынға жолатпауға әрекет еткен жөн.
Қазіргі таңда алкоголь өнімдері қолжетімді болғандықтан, оны тұтынушылар қатары да азаймай отыр. Әсіресе жастар арасында ішімдікке әуестік байқалуы көңіл алаңдатады. Бұны да психологтардың пайымдауымен айтар болсақ, адамның арақ-шарапқа деген жақындығына кей жағдайда жанындағы достары, ортасы әсер етсе, кейде бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы үлкен ықпалын тигізетін көрінеді. Өмір жолында басына түскен қиындыққа беріліп, алдынан шыққан сындардан қашып алкогольмен араластық құратындары да бар. Зиянды әрекетке тәуелділік денсаулыққа ғана емес, адамның болашағына да кері әсер етері анық. Сондықтан бұл жағдайда ақ халатты абзал жандар алкогольді шамадан тыс пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларының, бауыр сырқаттарының, жүйке жүйесі бұзылыстарының пайда болуына себеп болатынын айтады. Сонымен қатар адамның еңбекке қабілеті төмендеп, отбасылық жанжалдардың, жол-көлік оқиғаларының және түрлі құқық бұзушылықтардың көбеюіне ықпал ететінін ескертеді.
Алкоголизмнің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Бала тәрбиесі ең алдымен үйден басталады. Ата-ананың өмір салты, мінез-құлқы мен тәрбиесі жас ұрпаққа үлгі болады. Егер отбасы мүшелері салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданса, мәдени демалысты таңдаса, балалар да осы бағытқа бейімделеді. Сондықтан ата-аналар балаларына ішімдіктің зияны туралы жиі түсіндіріп, олармен ашық әңгімелесуі қажет. Білім беру ұйымдарында жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың да маңызы зор. Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында алкогольдің адам ағзасына тигізетін зияны жөнінде түсіндіру кездесулері, дәрістер мен семинарлар тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай шаралар жастардың дұрыс таңдау жасауына ықпал етуде. Сондықтан осындай шаралардың қатарын көбейткен де абзал болмақ.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту да алкоголизмнің алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Спортпен айналысатын адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Соңғы жылдары елімізде спорт алаңдары көбейіп, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек. Қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер де профилактикалық жұмыстарды күшейтіп келеді. Әртүрлі акциялар, ақпараттық науқандар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тұрғындарға алкогольдің зияны кеңінен түсіндірілуде. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Алкоголизммен күрес тек дәрігерлердің немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – барша қоғамға ортақ жауапкершілік. Сондықтан әр адам өз денсаулығын бағалап, зиянды әдеттерден аулақ болған жағдайда ғана ұлт саулығын нығайта аламыз.
Халық арасында «Аурудың алдын алған емдегеннен жақсы» деген нақыл сөз бар. Шынында да, алкоголизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар неғұрлым жүйелі жүргізілсе, соғұрлым қоғамдағы бұл мәселенің ауқымы азая түсері анық. Денсаулығы мықты, саналы әрі белсенді ұрпақ қалыптастыру үшін әрқайсымыз салауатты өмір салтын таңдауға тиіспіз. Өйткені жарқын болашақтың негізі — дені сау қоғам.
Құралбек СӘБИТОВ
