Жуырда әлеуметтік желілерде аудан орталығы Шонжы ауылындағы әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан сауда орындарында түнгі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуы туралы жарияланған ақпаратқа байланысты Ұйғыр аудандық полиция бөлімі тарапынан жедел түрде тиісті шаралар қабылданды.
Аталған дерек аудандық полиция бөлімінің ерекше бақылауына алынып, қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру барысында сауда орындарының қызметі, алкоголь өнімдерін сату тәртібінің сақталуы, белгіленген уақыт шектеулерінің орындалуы толық зерделенуде. Алкоголь өнімдерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұза отырып сату фактілері анықталып, кінәлі тұлғаларға қатысты заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылуда.
Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі жарияланымда көрсетілген полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне қатысты уәждер де назардан тыс қалған жоқ. Аталған мәселелер бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде тиісті құқықтық баға берілді. Полиция қызметкерлерінің қызметтік тәртіпті сақтауы және азаматтардың өтініштеріне уақтылы әрекет етуі қатаң бақылауға алынды.
Ұйғыр аудандық полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Осы ретте азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ кез келген құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда дереу «102» арнасына хабарлауға шақырамыз. Азаматтардың белсенділігі мен құқықтық мәдениеті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Эльдар Тұрысбеков,
Ұйғыр АПБ
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы
Полиция подполковнигі


