Перейти к содержимому

Ауыл әлеуеті көтеріледі

36 қаралым

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды құжат. Жолдауда ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын тікелей жақсартатын нақты міндеттер айқындалған.

         Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерді салуымыз қажеттігін атап көрсетті. Еліміз бойынша былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткенін айтты. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отырғанын, шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керектігін атап өтті. Сондықтан Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуді тапсырды.

         Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мәселесі үнемі күн тәртібінде тұр. Салада өңдеуші кәсіпорындарды көбейтуге екпін беру, агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту сияқты міндеттер белгіленген. Ауылға инвестиция тарту, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс ретімен қолға алынуда.

         Жолдаудан туындайтын міндеттер Жамбыл ауданының ауыл шаруашылығына оң әсер етері анық. Бұл ауданның ерекшелігі, мал саны жөнінен облыс бойынша алдыңғы орында тұр. Жері мал және егін  шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласы тың серпінмен дамып, ауыл әлеуеті көтерілетініне сенемін.

Аян НҰРПЕЙІСОВ, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

↑