Перейти к содержимому
Главная страница » Ақ халаттылар әулеті

Ақ халаттылар әулеті

Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – елдің ең басты құндылығы. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағаласа, бүгінгі қоғамда дәрігер мамандығы адамгершілік пен кәсібиліктің биік үлгісі ретінде танылып отыр. Дәрігер болу – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін, екінің бірі таңдай бермейтін күрделі мамандық.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап: «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар», – деп атап өткен болатын.
Осындай абыройлы мамандықты өмірлік мұрат етіп, халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген өнегелі әулеттің бірі – Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Райымбердиевтер отбасы. Бір шаңырақ астында төрт медицина қызметкері­нің еңбек етуі – мамандыққа деген адалдықтың, отбасылық тәрбиенің және адам өміріне деген құрметтің жарқын көрінісіндей.
Әулеттің үлкені Хамида Райымбердиева – ширек ғасырға жуық тәжірибесі бар білікті дәрігер. Ол еңбек жолын 2001 жылы аудандық ауруханада балалар бөлімінің меңгерушісі ретінде бастап, 2003 жылға дейін осы салада қызмет атқарды. Балалар денсаулығын сақтауға қосқан үлесі оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. 2005 жылдан бүгінге дейін Жамбыл аудандық ауруханасында психиатр дәрігері болып еңбек етіп келеді. Психикалық денсаулық мәселесі ерекше жауапкершілік пен сабырлылықты қажет етеді. Осы жылдар ішінде білікті маман мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне, өмірге деген сенімін қайта қалыптастыруға өз үлесін қосты. Әріптестері оны кәсібіне адал, білімді әрі мейірімді дәрігер ретінде жоғары бағалайды. Оның ұзақ жылғы тәжірибесі мен адамгершілік қасиеттері жас мамандар үшін үлгі.
Әулеттің тағы бір өкілі – Ғалымжан Райымбердиев. Ол 2020 жылдан бастап «Жедел жәрдем» қызметінде II дәрежелі фельдшер ретінде еңбек етуде. Жедел жәрдем – уақытпен санаспайтын, әр секундтың өзі маңызды сала. Науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалу жолында еңбек ететін мамандардың жұмысы әрдайым құрметке лайық. Ғалымжан да күндіз-түні кезекшілік атқарып, тұрғындардың денсаулығы мен өмірі үшін жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Оның кәсіби шеберлігі мен шапшаң шешім қабылдай білу қабілеті көптеген қиын жағдайларда көрінді.
Отбасының тағы бір мақтанышы – Жаңыл Әлдибекова. Ол медицина саласындағы еңбек жолын 2014 жылы терапевт-дәрігер болып бастаған. 2018-2022 жылдар аралығында жалпы тәжірибелік дәрігер қызметін атқарып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетті. Ал 2023 жылдан бастап Жамбыл аудандық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Қабылдау бөлімі – аурухананың ең жауапты құрылымдарының бірі. Мұнда науқас­тардың жағдайы бағаланып, қажетті бөлімдерге жіберіледі. Сондықтан бөлім жұмысының үйлесімді ұйымдастырылуы тәжірибе мен жоғары кәсіби біліктілікті талап етеді.
Жаңыл өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұжым арасында сыйлы маман ретінде танылып отыр. Оның ұйым­дастырушылық қабілеті мен кәсіби тәжірибесі бөлім жұмысының сапалы жүргізілуіне оң әсерін тигізуде.
Әулеттің кенже медицина қызметкері – Динара Малбаева. Ол 2016 жылдан бері №27 балалар аймақтық учаскесінің медбикесі болып қызмет атқарады. Медбике мамандығы – дәрігер мен науқас арасындағы сенім көпірі. Әсіресе балалармен жұмыс істеу төзімділік пен мейірімділікті қажет етеді. Динара осы жылдар ішінде өз учаскесіндегі көптеген отбасының құрметіне ие болды. Балалардың денсаулығын бақылау, профилактикалық жұмыстар жүргізу, ата-аналарға кеңес беру сияқты маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан маманның еңбегі ерекше құрметке лайық.
Райымбердиевтер әулетін бірікті­ретін ортақ қасиет – адам өміріне деген құрмет, мамандыққа деген адалдық және халыққа қызмет етуге деген ұмтылыс. Бірі дәрігер, бірі фельдшер, бірі бөлім меңгерушісі, бірі медбике ретінде денсаулық сақтау саласының әр буынында еңбек етіп жүрген бұл отбасын тұрғындар жақсы біледі. Медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрген бұл әулет – кәсібіне адалдықтың, жауапкершіліктің және адамға деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі. Ақ халатты жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық, ал олардың қызмет жолы кейінгі жас буынға өнеге. Олардың күнделікті қызметінің арқасында талай жан дер кезінде көмек алып, денсаулығын қалпына келтіруде.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы