Перейти к содержимому
Главная страница » Ауқымды оқу-жаттығу өтеді

Ауқымды оқу-жаттығу өтеді

Ұйғыр ауданында алдағы ірі әскери оқу-жаттығуға дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл – тек әскери құрылымдардың ғана емес, тұтас ауданның ұйымдасу деңгейін көрсететін маңызды сынақтардың бірі.

Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Е. Толымбекұлының төрағалығымен жұмыс тобының отырысы өтіп, алдағы іс-шараға дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс деңгейіндегі жауапты тұлғалар да арнайы қатысып, өз ұсыныстары мен міндеттерін ортаға салды. Атап айтқанда, Алматы облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі М.Ш. Тастанов пен аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник А.Б. Аубакиров келіп, дайындық деңгейіне баға берді.

Биыл 14–23 қыркүйек аралығында аудан аумағында 99220 әскери бөлімінің қатысуымен кең көлемді тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтпек. Мұндай іс-шаралар төтенше жағдайлар мен түрлі қауіп-қатерлерге дайындықты арттырып, барлық қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жиын барысында аудандық аурухана, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар қызметі және басқа да салалық құрылымдардың алдағы оқу-жаттығу кезеңіндегі міндеттері нақты айқындалды. Әрбір мекемеге өз бағыты бойынша тапсырмалар беріліп, жауапкершілік жүктелді.

Қазіргі таңда барлық мемлекеттік және коммуналдық қызметтер бірлесе отырып, бұл іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге жұмылдырылған. Себебі мұндай ауқымды оқу-жаттығулар – тек дайындық емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жалпы, аудан бойынша атқарылып жатқан бұл жұмыстар – тәртіп пен жауапкершіліктің, ұйымшылдық пен кәсібиліктің нақты көрінісі болмақ.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы