2026 жылғы 1–3 шілде аралығында республика көлемінде өтіп жатқан «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ұйғыр ауданында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Аталған бағытта аудандық полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, тұрғындармен және жасөспірімдермен кездесулер өткізуде. Мектептерде, қоғамдық орындарда және халық көп шоғырланатын аумақтарда профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, заң талаптарын сақтау, қауіпсіздік ережелері және жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілуде. Сонымен қатар, ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың кешкі және түнгі уақытта заң талаптарын сақтауына бақылау жасау қажеттігі ерекше атап өтілуде. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасы мен қоғамның бірлескен жауапкершілігіне байланысты.
Іс-шара барысында ойын-сауық орындары, көшелер мен қоғамдық аумақтарда рейдтік жұмыстар да жүргізіліп, қараусыз жүрген жасөспірімдерді анықтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдануда.
Егер кәмелетке толмағандардың қатысуымен құқық бұзушылықтар немесе олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлар туралы ақпарат белгілі болса, дереу полицияның «102» арнасына хабарлау қажеттігі де түсіндірілді.
Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ұйғыр ауданында жүргізіліп жатқан мұндай алдын алу және түсіндіру жұмыстары жас ұрпақтың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ


