Жамбыл ауданы әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке
толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Оған Алматы
облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы
Дәулет Шайтұрсынұлы қатысты. Жиынға Жамбыл ауданы әкімінің
орынбасары Ықылас Амалбек төрағалық етті.
Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және
олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс
отырысына аталған комиссияның мүшелері, аудандық төтенше жағдайлар
бөлімінің өкілдері, білім саласының басшылары және ауылдық округ
әкімдері қатысты. Комиссия отырысының негізгі мақсаты – аудан
аумағындағы балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін
факторларды жан-жақты талдау, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін
бағалау және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге
бағытталған нақты шешімдер қабылдау.
Отырыс барысында аудан бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы
құқық бұзушылықтардың өсуі, балаларға қатысты жасалған қылмыстар, су
айдындарында орын алған қайғылы оқиғалар, балалардың қараусыз қалу
жағдайлары және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдағы
бірқатар жүйелі мәселелер талқыланды. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер
бойынша Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Мәлік Қасымбаев, аудандық
білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова және аудандық төтенше
жағдайлар бөлімінің жауапты мамандары тыңдалды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ Жамбыл ауданы

