Перейти к содержимому
Главная страница » Бүгінгі ұрпақ — ертеңгі елдің бейнесі

Бүгінгі ұрпақ — ертеңгі елдің бейнесі

Ана өмірдің жүрегі, отбасының берекесі, ұлттың тәрбиесін қалыптастыратын ең қасиетті тұлға. «Ана» деген үш-ақ әріптен тұратын сөздің өзінде шексіз мейірім, махаббат пен жан жылуы жатыр. Адам баласы жарық дүниеге келген сәттен бастап анасының алақанында өсіп, оның ақ сүті мен ақ тілегінің арқасында азамат болып қалыптасады. Сондықтан ана алдындағы перзенттік парыздың өтемі жоқ. Алайда бүгінгі қоғамда ойландырмай қоймайтын мәселелер аз емес. Кейбір жастардың жауапкершілікке жеңіл қарауы, ар-ұят, мейірім, нысап сияқты ұлттық құндылықтарды екінші орынға ысырып бара жатқаны жиі айтылып жүр. Мұндай құбылысты тек жастардың өзінен ғана көру әділ болмас. Өйткені бала тәрбиесінің алғашқы мектебі отбасы.Бүгінде жас отбасылардың аз баламен шектелуі әртүрлі себептерге байланысты. Бірі материалдық жағдайды алға тартса, енді бірі мансап пен тұрмыстық қиындықтарды себеп етеді. Дегенмен халқымыз тарихтың ең ауыр кезеңдерін ашаршылықты, соғыс жылдарын, тоқырау дәуірін бастан өткерсе де, ұрпақ тәрбиесінен қол үзген жоқ. Қандай қиындық болса да, отбасының берекесін сақтап, ұрпағын аман жеткізуді басты міндет санады.Сонымен қатар кейбір жастардың зиянды әдеттерге әуестенуі, әлеуметтік желідегі жалған құндылықтарға еліктеуі, ұлттық болмысқа тән қарапайымдылық пен ибаны екінші орынға ысыруы да қоғам назарынан тыс қалмайды. Әрине, бүгінгі жастардың бәрін бірдей мұндай сипатта көрсету дұрыс емес. Білімге ұмтылып, ел дамуына үлес қосып жүрген, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген саналы жастар аз емес. Бірақ қоғамдағы кез келген келеңсіз құбылысқа бейжай қарауға болмайды. Ұлт тәрбиесі ең алдымен ана тәрбиесінен басталады. Ана баланың алғашқы ұстазы ғана емес, ең жақын сырласы, ақылшысы. Баласының қуанышын да, мұңын да бөлісіп, оның жан дүниесіне үңіле білген ана ғана саналы ұрпақ тәрбиелей алады. Ал әке мен ананың бірлігі баланың болашақтағы өмірлік ұстанымының берік іргетасы.Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Нысап, рақым, ар-ұят табылмаса, өлген артық дүниені былғағаннан» деп бекер айтпаған. Бұл сөз бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпаған өмірлік қағида. Ар-ұят, адамгершілік, жауапкершілік пен мейірім ұлттың рухани тірегі.Бүгінгі жастардың қандай болып қалыптасатыны ертеңгі Қазақстанның қандай болатынын айқындайды. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін тек отбасының немесе мектептің ғана міндеті деп қарауға болмайды. Бұл тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ертеңіміздің жарқын болуы үшін бүгінгі ұрпақтың жүрегіне біліммен қатар имандылықты, ұлттық құндылықтарды, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, еңбекқорлық пен жауапкершілікті сіңіре білуіміз керек. Сонда ғана тәрбиелі ұрпақ өсіп, берік отбасы көбейіп, рухы мықты мемлекет қалыптасады. Өйткені бүгінгі ұрпақ ертеңгі елдің бейнесі.

Шұғыла Рымжан,

11 “А” сынып оқушысыАлматы қаласы