Перейти к содержимому
Главная страница » ЕНБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫНАН БІР КЕЛІДЕН АСТАМ ҚАРАСОРА ТӘРКІЛЕНДІ

ЕНБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫНАН БІР КЕЛІДЕН АСТАМ ҚАРАСОРА ТӘРКІЛЕНДІ

«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында полиция қызметкерлері Mitsubishi Lancer маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлік тізгінінде Байсейт ауылының 34 жастағы тұрғыны болған.

Темір тұлпардың салонын тексеру барысында артқы орында өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған 20 полиэтилен пакеті анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар, қолдан жасалған пышақ табылды.

– Ер адам медициналық тексерістен өтті. Сараптама нәтижесінде оның каннабиноидтерді қолдану салдарынан есірткілік мас күйінде болғаны анықталды. Сондай-ақ, тағайындалған сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 1 кг 153 грамм болатын кептірілген қарасор (марихуана) екенін растады, – деп хабарлады ведомстводан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізуде.

Құқық қорғау органдары азаматтарды есірткі айналымына байланысты құқықбұзушылықтардан аулақ болуға шақырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы еске салады.

Облыстық полиция департаменті