Перейти к содержимому
Главная страница » Есірткісіз өмір – жарқын болашақ

Есірткісіз өмір – жарқын болашақ

Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы ауылында жастар арасында есірткінің алдын алу мақсатында арнайы форум өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастарға есірткінің зияны мен оның құқықтық салдары туралы кеңінен түсіндіру, сондай-ақ оларды заңсыз әрекеттерден сақтандыру.
Форумға аудан жастары белсенді қатысып, олармен қатар Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының өкілдері, Алматы облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы шақырылды. Шара барысында қатысушыларға қазіргі таңда есірткі қылмыстарының жаңа тәсілдері, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралуы туралы нақты мәліметтер берілді.
Бүгінде қылмыстық топтар жастарды заңсыз айналымға тарту үшін түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Әсіресе, «жеңіл табыс», «жоғары ақы төленетін жұмыс» деген желеумен ұсыныстар жасап, оларды есірткі тасымалдау немесе жасыру әрекеттеріне итермелейді. Алайда мұндай әрекеттердің барлығы заң алдында ауыр қылмыс болып саналады және оған қатысқан әрбір азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Форум барысында жастарға есірткіні пайдалану ғана емес, оны сақтау, тасымалдау немесе тарату да заңмен қатаң жазаланатыны нақты түсіндірілді. Сонымен қатар, күмәнді ұсыныстарға алданбау, өз өміріне жауапкершілікпен қарау және дұрыс таңдау жасау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Бұл өз кезегінде олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы өз орнын дұрыс түсінуге ықпал етті.
Сондай-ақ қатысушыларға егер заңсыз әрекеттерге тарту фактілері немесе есірткіге қатысты күмәнді жағдайлар белгілі болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі ескертілді. Себебі дер кезінде берілген ақпарат көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар – жастарды теріс жолдан сақтандыруда маңызды рөл атқарады. Әрбір жас азамат өз болашағына жауапкершілікпен қарап, денсаулықты, білімді және адал еңбекті басты құндылық ретінде таңдауы қажет.
Есірткісіз өмір – бұл қауіпсіз қоғамның, жарқын болашақтың және саналы ұрпақтың кепілі.


Дамир Маратұлы,
Ұйғыр аудандық полиция бөлімі
криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы