Алкоголь өнімдерінің еркін саудасы мен оны шектен тыс тұтыну – қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отырған өзекті мәселелердің бірі. Ішімдікке тәуелділік қоғамдық тәртіптің бұзылуына, түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың көбеюіне, сондай-ақ отбасындағы жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуына әсер ететіні белгілі.
Статистика да осының айқын дәлелі. 2025 жылы елімізде тіркелген зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың төрттен бірі, ал бұзақылық фактілерінің үштен бірі алкогольдік масаң күйде жасалған. Бұл қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастырудың және ішімдікке тәуелділіктің алдын алудың маңызын көрсетеді.
Осы бағытта Балқаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудан көлемінде 20 шілдеден бастап «Ішімдіксіз аула» акциясы қолға алынып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Акцияның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті нығайту, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, сондай-ақ отбас-тұрмыс жағдайында және алкогольдік масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Акция аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зиянды әдеттердің зардаптары туралы ақпараттық кездесулер ұйымдастыруда. Сонымен қатар қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы рейдтік іс-шаралар да жүйелі түрде өткізілуде.
Бүгінде Балқаш ауданындағы үш ауылдық округ алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосып отыр. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігінің, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға деген ұмтылысының жарқын көрінісі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан «Ішімдіксіз аула» акциясы тұрғындарды заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы

