Перейти к содержимому
Главная страница » ІЗГІЛІК ІЗІ ӨШПЕЙДІ

ІЗГІЛІК ІЗІ ӨШПЕЙДІ

Сонау 60-жылдарда Аспантаулар аясындағы алақандай Нарынқол ауылында Темірбековтер әулетін білмейтін әрі қадірлемейтін адам баласы болмайтын. Осы сөзімізге көлденең тартар оның негізі де жоқ емес. Сол кезде ағайынды Құдайберген, Нұр, Болат Темірбековтердің отбасылары түтіндері түзу шыққан, өнегелері өріс алған отбасылардың бетке ұстар қаймақтарының қатарынан еді. Бәрі де атына заты сай болып, өсіп-өнгенін орынды мақтаныш етіп жүретін.

Бүгінгі тақырыбымыз мақаламыздың басты кейіпкері болып отырған осы әулеттің бел баласы, 58 жасында арманда кеткен асыл азамат Ғабит жайлы өрбімек. Ол басқа бауырлары сияқты өмірден өз жолын адаспай таңдап, алғырлығымен ерте бастан ел аузына ілінді. Шынашақтай ғана баланың мектеп бітіргеннен кейінгі арманы асқар биіктен көрінді. Тындырымдылығы мен тиянақтылығы оны көптен бері көксегеніне қол жеткізді. Нарынқол орта мектебін үздік бітіргеннен кейін 1985 жылы бірден С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия факультетіне оқуға түседі.
Ол кездегі әскери заңның қаталдығына ешкім де қарсы шыға алмайтын. Әсіресе, жоғары оқу орындарының студенттері. Ғабиттікі де солай болды. Оны бірінші курсты аяқтағаннан кейін әскери борышын өтеуге алып кетеді. Баруға мәжбүр болады. Жауынгерлік міндетін де жаман өткізбейді. Байкал әскери округінде қатардағы жауынгерден взвод командирлігіне дейін көтеріледі. Мұның өзі оның жасқа тән алғырлығы мен әскери тәртіпке деген көнбістігінен болса керек. Сонымен бірге оның қарғадай бала кезінен қалыптасқан намысқойлығы мен төзімділігі көп ықпалын тигізгені анық. Соның нәтижесінде ол азаматтық борышын адалдықпен атқарады. Туған ауылына әскери старшина шені лауазымымен оралады.
Кейін оқуын одан әрі жалғастырады. Оның өзі сүйген кәсіпке деген ынтызарлығы мен сүйіспеншілігінің басымдығы соншалық, сол кездің өзінде-ақ Алматы қаласындағы №1 клиникалық балалар ауруханасында оқуымен қатарлас жұмыс істеп, толымды тәжірибе жинақтайды. Мұндағы бесаспап болып кеткен дәрігерлер Ғабиттың іскерлігі мен білгірлігіне қызыға қарап, оның болашағынан үлкен үміт күтіп, сәттілік тілейді. Теориялық және практикалық жағынан сақадай-сай, дайын болып шыққан ол оқуда да, жұмыста да жұғымды кадр екенін дәлелдейді.
Алғашқы еңбек жолын Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылындағы ауруханадан бастайды. Бас дәрігер болады. Бастапқыда қарапайым дәрігерлігімен халықтың көңілін баурап алған Ғабит бара-бара балалар емханасының бас дәрігері қызметіне дейін жоғарылайды. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Көп уақыт өтпей халықтың құрметіне бөленіп үлгерген оны осы өңірдегі Қызылту ауылындағы амбулаторияның бас дәрігері етіп тағайындайды. Артылған сенімді ақтау оның басты парызына айналады. Бұл амбулаториядан бұрыннан жан-жақты хабары бар ол бірден халыққа ұйытқы болып, осы жерден жаңа емхана салуға жұмылдырады. Оның ұтқырлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің қарымдылығын билік басындағылар да қуана құптап, бұл игі бастаманы іс жүзіне асырып береді. Халықтың да, Ғабиттың да осылайша көптен күткен арманы жүзеге асады. Іс осымен ғана бітпейді. Ол жаңа емхананы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағына да көп күш жұмсайды. Сөйтіп, жаңаша жұмыс істеуге даңғыл жол ашады. Осы емханада 20 жыл бойы табан аудармай, барын салып жұмыс істеген оның табандылығын, жасаған жақсылығын осы ауылдың тұрғындары әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді.
Бұдан соң Ғабит көршілес Жаңалық ауылындағы амбулаторияның бас дәрігерлік қызметін жүргізеді. Оған бекер сенім артылмапты. Мұны терең түсіне білген ол осындағы орын алып отырған олқылықтарды бірден ретке келтіріп, дұрыс жолға қойып, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Жанына сауға іздеген ауру-сырқаулардан ештеңесін аямайды. Егер амбулаторияда мүмкіндік болмай жатса, қатты ауырған науқастарға өз тарапынан қаражат шығарып, қаладағы ауруханаларға қаратқан. Көп көмегін көрсеткен. Мұндай жағдайларды ауылдағы басынан кешкен көп адамдардың аузынан талай естідік те. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген осы шығар?!
– Ғабиттың, әсіресе, қарт адамдарға деген ілтипаты мен ізеті ерекше еді. Ол олардың денсаулығын жіті бақылап, қажет болып жатқан жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға орналастыруға көмектесетін. Мен де осы бас дәрігердің мейірім шуағын көрген жандардың бірімін. Аяқасты инсульт алған кезімде Ғабит Құдайбергенұлы жедел шешім қабылдап, мені аудандық ауруханаға жеткізіп, ем алып, сауығып кеттім. Тіпті тегін дәрі-дәрмек алуыма да жағдай жасап берді. Оның тек маған ғана емес, мен сияқты жүздеген, мыңдаған қарт пен балаларға жасаған жақсылығын ешқашан да ұмыта алмаймыз. Оның мезгілсіз өмірден өтіп кетуі де біз үшін орны толмас өкініш, – дейді өз әңгімесінде Талғар ауданының Құрметті азаматы, Қайнар ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаев.
Қырық жылдан астам өмірін халықтың денсаулығына арнаған Ғабит Темірбеков үстіндегі ақ халатын қалай кірлетпесе, азаматтық арын да солай таза ұстады деп ауыз толтырып айта аламыз. Ол көзінің тірісінде қу жаны қуырдақ болып жүріп, халықтың қамын ойлады. Дәрігерлік антына сай адалдықпен қызмет көрсетудің үлгісін паш етті. Ақ ниетімен арқалап жүргені адам баласының шексіз алғысы болды. Мұны оның қызметтес болған әріптестері ағынан жарыла айтып жүр. Олардың шын жүректерінен шыққан сол лебіздері мен жанашырлықтары тегін емес. «Жақсының аты өлмейді» деген ақиқаттың негізі осында жатса керек.
Ғабит Темірбековтің табан ет, маңдай тері зая кеткен жоқ. Кезінде лайықты бағасын алып отырды. Оның адал еңбегінің арқасында алған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Бейбітшілік әлемі» төсбелгілерімен және де мерекелік медальдармен марапатталуы – соның айқын көрінісі. Сондай-ақ, тиісті орындардан алған Алғыс хаттары мен мақтау қағаздары өте көп. Осының өзі-ақ оның соңына айтарлықтай із қалдырғанын айғақтайды. Әттең, шығар биіктері әлі алда еді. Тағдырдың жазуына не дерсіз?!
Міне, халықтың жүрегінен берік орын алған Ғабиттей алтын азаматтың өмірден өткеніне де жыл толып отыр. Соңында аяулы жары Эльмира мен алтын асықтай балалары Алыпарсылан мен қызы Іңкәр қалды. Ұлы әке жолын қуып, Алматы қалалық «Жедел жәрдем» бөлімінде қызмет істесе, қызы логистикалық компанияның менеджері қызметінде. Қазір Жаңалық округіне қарасты елдімекендер Ғабит Темірбековтің атына көше алып беру қамының қарбаласында. «Көп тілеуі – көл» деген емес пе?! Халықтың бұл қолдауы мен тілеуі орындалатынына сенім зор. Өйткені ол қандай құрмет көрсетілсе де, лайықты азамат. Оның жақсылығын халық ұмытпайды.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы