Ұйғыр ауданында «ҚАРАСОРА-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл іс-шара 2026 жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында өтпек. Аталған іс-шара Ұйғыр ауданы аумағында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылып, тиісті деңгейде жүзеге асырылмақ.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан аумағында есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру деректерінің алдын алу, оларды анықтау және жою, сондай-ақ есірткі құралдарын сақтау, тасымалдау және өткізумен айналысатын тұлғалар мен қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу болып табылады.
Ұйғыр аудандық полиция бөлімі тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, ауылдық округтерде рейдтік-профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, егістік алқаптары, жайылым жерлер, су арналары мен қараусыз қалған аумақтар тұрақты түрде тексерілмек. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары мен жедел қызметкерлер тарапынан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Іс-шара аясында аудан әкімдігімен бірлесіп, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық кездесулер мен профилактикалық іс-шаралар өткізілмек. Аталған кездесулер барысында есірткінің зияны, оның адам өмірі мен денсаулығына тигізетін кері әсері, сондай-ақ заңмен қарастырылған жауапкершілік шаралары түсіндірілуде.
Ұйғыр аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының заң талаптарын сақтауға, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және күмәнді жағдайлар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына уақтылы хабарлауға шақырады.
Есірткіге қарсы күрес – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыты және әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Дамир Маратұлы,
Ұйғыр АПБ КПБ бастығы,
полиция майоры


