Соңғы күндердегі толассыз жаңбырдан кейін өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасы «Қауіпсіз жағалау» акциясын өткізіп жатыр.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесімен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара барысында Есік өзенінің жағалауында жүрген жастар мен демалушыларға түсіндірме жұмыстарын өткізіп, ақпарат берілді.
Сонымен қатар рұқсат етілмеген жерде суға түсуге болмайтыны туралы ескерту тақтайшалар орнатылып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды. Полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары су айдындары маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.
Рейд барысында өзен жағалауындағы қауіпті учаскелер бақылауға алынып, демалушыларға су деңгейінің күрт көтерілу қаупі түсіндірілді. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жаз мезгілінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


