Ұйғыр ауданы Шарын ауылының жастары жазғы демалыс кезеңінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында, «Заң мен тәртіп» бағыты аясында «Қауіпсіз жаз – қауіпсіз демалыс» атты тұрғындарға арналған жадынама тарату акциясын өткізді.
Акция барысында арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар ата-аналар мен мектеп оқушыларына таратылды. Онда су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері, өрт қауіпсіздігі талаптары, жол қозғалысы ережелерін сақтау, интернеттегі қауіпсіздік, қоғамдық орындардағы тәртіп және балалардың жазғы демалыс уақытындағы қауіпсіз жүріс-тұрысы туралы кеңінен мағлұмат берілген.
Ұйымдастырушылар оқушылардың жаз мезгілінде бақылаусыз қалмауына ерекше назар аударып, ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және олардың жүріс-тұрысына тұрақты бақылау жасау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған жағдайда хабарласатын 101 (өрт сөндіру қызметі), 102 (полиция), 103 (жедел жәрдем) нөмірлері туралы ақпарат берген жастар, әрбір азаматтың сақтық шараларын сақтауы – өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігінің кепілі екенін екшеп түсіндірді. Кейбір бүлдіршіндер бұл турасында ата-аналарының ұдайы айтып отыратынын жеткізсе, енді бірі отбасында бұл жайында әңгіме айтылмайтынын да жасырмады. Демек отбасындағы тәрбие балалар үшін үлкен рөл атқарады. Сондықтан ата-ана әрдайым баласына қауіпсіздік жайын санасына сіңіріп, сақтық шараларын сақтау туралы үнемі айтып отырса, қайғылы оқиғалар саны да әлдеқайда аз болар еді.
Анар Дүйсенбайқызы Ұйғыр ауданы

