«Кешіріңіз…» Осы бір ауыз сөздің салмағы кейде бүтін бір өкпеден ауыр, бүтін бір реніштен биік болады. Алайда бүгінгі қоғамда осы сөзді айту барған сайын қиындап бара жатқандай. Қателесуден емес, қателескенімізді мойындаудан қорқатын күйге жеттік.
Бір қызығы, бүгінгі адамның әр істе кемдігі көрінбегенімен, кешірім сұрауға келгенде кеңдігі болмайтыны таңдандырады. Жоғары білім алады, бірнеше тілді меңгереді, мансап та өседі. Алайда өз қатесін мойындауға келгенде үнсіз қалады. Өйткені көпшілігіміз кешірім сұрауды әлсіздік деп қабылдаймыз. Ал шын мәнінде, кешірім сұрау – адамның рухани күшінің белгісі. Ол нағыз кеңдіктің нышаны!
Қазақ «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді. Бұл сөз адам баласының қателесуін қалыпты құбылыс деп қабылдаған халықтың даналығы. Бірақ сол қателікті түзете білу – нағыз азаматтықтың өлшемі.
Бүгінде қоғамдық орындарда бір-бірін итеріп кетіп, бұрылмай жүре беретіндерді жиі көреміз. Көлікте, дүкенде, көшеде дөрекі сөйлеп, онысын қалыпты мінезге айналдырғандаймыз. Біреудің көңілін жаралап алғанымызды байқасақ та, «кешіріңіз» деуге намыстанамыз. Намысымыз кешірім сұратпайды, бірақ сол намысымыздың салдарынан адамдық қарым-қатынасымыз жұтаңдап бара жатқанын байқамаймыз. Әлеуметтік желілер бұл құбылысты одан сайын айқындай түсті. Бұрын адамдар бетпе-бет отырып сөйлесетін. Сөзінің салмағын сезінетін. Қазір экранның ар жағынан еш ойланбастан түйреп алады. Біреудің ар-намысына тиетін пікір жазылады, жалған ақпарат таратылады, орынсыз мазақ жасалады. Ертең оның қате екені анықталса да, кешірім сұрайтындар сирек. Себебі көпшілік алдында қателігін мойындауды өз беделіне нұқсан көреді.
Шын мәнінде, беделді биіктететін – қателеспеу емес, қателікті мойындай білу. Кейде бір отбасының арасына сызат түсіретін де – айтылмаған кешірім. Әке баласына ренжиді, бірақ ашылып сөйлеспейді. Бала қателеседі, бірақ кешірім сұрауға именеді. Ерлі-зайыптылардың арасына үнсіздік кіреді. Уақыт өте келе сол үнсіздік араларын бөліп тұратын қабырғаға айналады. Ал сол қабырғаны бұзуға жалғыз ғана сөз жеткілікті еді.
«Кешірші…» Бұл сөзді айтуға тәкаппарлық кедергі жасайды. Алайда тәкаппарлық ешқашан жараны емдеген емес. Ол тек жараны одан бетер тереңдете түсері анық. Қазақы тәрбиеде кешірім мен кішіпейілділік қатар жүрген. Үлкенге ізет көрсету, кішіге қамқор болу, ағат сөйлеп қойсаң, кешірім сұрау – адамдық қасиеттің көрінісі саналатын. «Кішірейгеннен кішіреймейсің» деген тәмсілдің өзі көп нәрсені аңғартады. Адамның бойын да ойын да кішірейтетін кешірім емес, өркөкіректік.
Қоғамда соңғы уақытта ашуға бой алдыру көбейді. Жолдағы жанжал, тұрмыстық кикілжің, әлеуметтік желідегі дау – бәрінің түп-төркінінде сабырдың азаюы мен кешірімнің кемдігі жатыр. Әркім өзінікін ғана дұрыс санайды. Өзгенің уәжін тыңдауға, өз кінәсін таразылауға уақыт бөлмейді.
Бәлкім біз кешірім сұрауды емес, жеңілуді елестететін шығармыз. Ал шындық басқаша. Кешірім сұраған адам жеңілмейді. Ол өз нәпсісін жеңеді. Өз ашуын жеңеді. Өз менмендігін жеңеді. Бұл – сыртқы емес, ішкі жеңіс.
Адамдар арасындағы сыйластық заңмен емес, мәдениетпен сақталады. Ал мәдениеттің ең қарапайым өлшемдерінің бірі – кешірім сұрай білу. Бір ауыз жылы сөз кейде ұзақ жылға созылатын өкпенің алдын алады. Бір қадам алға шығу екі жүректі қайта жақындастырады.
Қоғамның өркениеті тек зәулім ғимараттармен немесе жаңа технологиямен өлшенбейді. Ол адамдардың бір-бірімен қалай сөйлесетінінен, сыйласатынынан, кешірім сұрай алатынынан көрінеді. Біз балаларымызға математика мен шет тілін үйретеміз. Бірақ «Кінәң болса, кешірім сұра», «Біреуді ренжітсең, көңілін тап» деген қарапайым адамгершілік сабағын ұмыт қалдырып жатамыз. Бала бұл қасиеттерді мектептен емес, ең алдымен отбасында бойына сіңіреді. Бәлкім бүгін біреуге хабарласып: «Егер көңіліңе тиген болсам, кешір», – деудің дәл уақыты шығар. Мүмкін жылдар бойы айтылмаған бірауыз сөз екі адамның арасындағы мұзды ерітер. Өйткені кешірім – әлсіздің сөзі емес. Ол – жүрегі кең адамның таңдауы. Кейде жүректен шыққан қарапайым «кешіріңіз» деген сөз де адамдардың арасын жақындатып, жоғалған сенімді қайта тірілте алады. Сондықтан кешірім сұраудан емес, кешірім сұрай алмай қалудан қорқайық! Сонда ғана адамдық қасиетіміз де, қоғамымыздың мәдениеті де биіктей түсері анық.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ


