Алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның жаңа Конституциясында белгіленген саяси модельді іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы маңызды кезеңіне айналады. Сарапшылардың пікірінше, сайлау науқанының ашық әрі заң талаптарына сай өтуі жаңа мемлекеттік институттардың орнығуына және қоғамның оларға деген сенімінің қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Сарапшылар жаңа Конституция Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын айқындап қана қоймай, сайлау процесінің негізгі құқықтық стандарттарын да белгілейтінін айтады. «Құрылтай депутаттарын сайлау – сенім мен жауапкершіліктің сыналар сәті. Халықтың сеніміне ие болған әрбір депутат ел мүддесін бәрінен биік қойып, жұрттың үмітін ақтай білсе, мемлекетіміздің өркендеуіне де, өңірлердің дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз. Бірлік бар жерде – береке, жауапкершілік бар жерде – нәтиже бар. Сондықтан алдағы сайлауда әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын танытып, елдің ертеңі үшін саналы таңдау жасауы маңызды» – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Сембаев. Оның пікірінше, алғашқы сайлаудың ұйымдастырылу сапасы жаңа саяси институттардың тұрақтылығын және азаматтардың оларға деген сенім деңгейін айқындайды. Сондықтан сайлау процесінің ашықтығы, заңдылығы және әділдігі ерекше мәнге ие.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Құрылтай сайлауы тек жаңа өкілді органды қалыптастыру науқаны емес. Ол саяси партиялардың әлеуетін, сайлау жүйесінің тиімділігін және жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттардың іс жүзінде қалай орындалатынын көрсететін маңызды саяси кезең болмақ.
Өз тілшіміз

