Меншік – адамның еңбегімен тапқан материалдық құндылығы және оның заңмен қорғалатын құқығы. Сондықтан жеке және мемлекеттік меншікті қорғау – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың маңызды шарттарының бірі. Әрбір азамат өз мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосуы тиіс.
Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, тонау және сенімге қиянат жасау сияқты қылмыстар қоғамға айтарлықтай зиян келтіреді. Мұндай құқық бұзушылықтар азаматтардың материалдық шығынына ғана емес, олардың қауіпсіздік сезіміне де кері әсер етеді. Сондықтан меншікті қорғау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір адамның ортақ міндеті болып саналады.
Мүлікті қорғаудың қарапайым, бірақ тиімді жолдары бар. Үйден шығарда есік-терезенің мықтап жабылғанына көз жеткізу, сенімді құлыптар мен бейнебақылау жүйелерін пайдалану, бағалы заттарды қараусыз қалдырмау және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға жария етпеу – қылмыстың алдын алудың маңызды шаралары. Сонымен қатар интернет арқылы сауда жасағанда тек сенімді платформаларды пайдаланып, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн.
Егер азамат қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болса немесе қылмысқа тап болса, бұл туралы уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына хабарлауы қажет. Уақытылы берілген ақпарат құқық бұзушыны анықтауға, келтірілген залалды азайтуға және осындай қылмыстардың қайталануына жол бермеуге көмектеседі.
Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтардың меншік құқығын қорғайды және оған қол сұққандарға қатысты заңда көзделген жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қауіпсіз қоғам құрудың басты негіздерінің бірі.
Меншікті қорғау – тек өз мүлкіңді сақтау ғана емес, өзгенің мүлкіне құрметпен қарау деген сөз. Әр азамат заң талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұстанса, қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ


