Некеге тұруға мәжбүрлеу – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-1-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын құқыққа қайшы әрекет. Бұл норма азаматтардың жеке бас бостандығын, еркін таңдау құқығын қорғауға бағытталған және адамның өз еркінен тыс некеге тұруына мәжбүрлеуге жол бермеуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азаматтың жеке бас бостандығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмауына кепілдік беріледі. Сондықтан неке тек ер мен әйелдің өзара ерікті және толық келісімі негізінде ғана қиылуы тиіс. Кез келген психологиялық қысым көрсету, қорқыту, күш қолдану немесе өзге де мәжбүрлеу әрекеттері заңмен қудаланады.
Некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдағы заңдылықты қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.
«Егер сіз осындай құқыққа қарсы әрекеттің куәгері немесе жәбірленушісі болсаңыз, дереу полицияның 102 арнасына немесе 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласыңыз. Уақтылы хабарлау азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заң талаптарының сақталуына ықпал етеді. Әрбір адам некеге тұру туралы шешімді өз еркімен қабылдауға құқылы. Отбасын құру тек екі тараптың ерікті, әрі өзара келісімі негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл құқықтарды қорғау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Гүлназ Сұлтанай.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


