Ұйғыр аудандық Отбасын қолдау орталығында Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында тұрғындар орталық мамандарымен еркін кездесіп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Келушілерге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік бағыттарда көмек көрсетілді. Әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, нақты жағдайға байланысты түсінікті әрі пайдалы кеңестер берілді. Ашық есік күнінде ашық форматта өткен кездесу тұрғындар мен мамандар арасында сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы ғана құрылған Отбасын қолдау орталығы заң мен тәртіп аясында жұмыс істей отырып, отбасылық мәселелерді шешуге көмектеседі. Мұнда тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, отбасылық жанжалдардың алдын алу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ психологиялық көмек беру сияқты маңызды қызметтер атқарылады.
Мұндай ашық есік күндері тұрғындардың сұрақтарына дер кезінде жауап алып, қажетті көмекке қол жеткізуіне жол ашады. Сонымен қатар, бұл шаралар қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайтуға да оң әсерін тигізбек.
Орталық алдағы уақытта да әрбір отбасының амандығы мен тұрақтылығы үшін қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыра бермек.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


