Перейти к содержимому
Главная страница » Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі

Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі

Кеңес одағы ыдырамай тұрғанда ауылда мал баққан шопандардың ұрпақ­тары балалық шақтарының тәтті естелігі болған Екіаша жайлауында бас қосты. «Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі» демекші, кейінгі ұрпақ өткенді еске алып, өмірден озған ата-аналарының, ұшымшар еңбеккерлерінің рухына арнап ас берді. Бұл жиын – жай ғана басқосу емес, бұл – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, болашаққа бағдар беретін, рухымызды асқақтататын тағылымды шара. Сондықтан да берекелі жиынның «Жайлаудан жеткен аманат» деп атал­уы­ның терең философиялық мәні бар.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өтіп жатқан бұл шараның мақсаты – тек айналаны тазарту емес, ең алдымен, сананы тазарту, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту және ата-бабаларымыздың ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту. Игі шараның ұйытқысы болып отырған – бұрынғы Көлбастау, Кіші Жалағаш, қазіргі Ақай Нүсіпбеков және Қарабұлақ ауылдарының жұртшылығы, кезінде осы өңірді дүрілдеткен ұжымшар малшылары мен еңбек майталмандарының бүгінгі ұрпақтары.
Қарабұлақ ауылдық округінде өткен сал­та­натты шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихаттың төра­ғасы Алмасбек Нұғыман, ауыл әкімі Рүстем  Әлімов, 39 әулеттің ұрпақтары, ауыл тұрғын­­дары қатысты. Шара 39 әулеттің салтанатты шеруімен басталып, ақ жаулықты аналар әулет мүшелерін шашумен қарсы алды. Радио ардагері, дауылпаз диктор Аманжан Еңсебайұлының құттықтауы аудиожазба арқылы көпші­лікке ұсынылды. Одан соң, сахна төріне жүргізушілер шығып, мерекенің ашылу салтанатымен құттықтады.
Алғашқы құттықтау сөз алған Нұрбақыт Молдахметұлы:
– Біз қасиетті Екіаша жайлауының төрінде, тарихымыз түгенделіп, өткеніміз ұлықталатын ерекше бір сәтте бас қосып отырмыз. Кеңестік дәуірде осы аймақтағы ұжымшардың атағы алысқа кетті. Төрт түліктің басын өсіріп, жер емген бабаларымыздың арқасында шаруашылықтың дәуірлеген кезеңі тарих парақтарында алтын әріптермен жазылды, – дей келе бірқатар азаматты – Бақытгүл Әлжанқызы, Ерболат Мергенбайұлы, Нақан Нұрәбілдаұлы, Медет Тұрсынқожаұлын Алғыс хаттармен марапаттаса, Ерболат Мәмбеталыұлы, Асхат Мұқанұлы, Жарқын Жүмәжіұлы, Қуатжан Иманмұхаметұлы, Айдар Рақымбердіұлы, Сәния Қонақбаева, Бақыт Нұрақынқызы, Айгүл Оразханқызына ауылдық окрук әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Құрметті қонақтар тілегін айтып, орасан зор еңбектің артында қарапайым еңбек адамдары, қажырлы шопандар мен дала еңбеккерлері тұрғандығын, олардың даңқы мен атағы одақ көлеміне жеткендігін тілге тиек етті.
​«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халқымыз. Аталарымыз бен аналарымыз салған жолмен ұжымшар тарағаннан кейін округтегі жерлестеріміз шашырап кеткен жоқ, қайта еңбекке білек сыбана кірісіп, 147 шаруа қожалығына бірікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін де атакәсіпті ақсатпай, мал шаруашылығын заманауи бағытта дамытып отырған бүгінгі ұрпақтың еңбегі ерен! Қазіргі таңда округтегі мал саны сол уақыттан еселеп өскенін мақтанышпен айтамыз. Бүгінде округте 5078 ірі қара, 2114 бас жылқы және 21 108 ұсақ мал тіркеліп отыр. Бұл – қажырлы еңбектің, мал тұқымын асылдандырудың нәтижесі. Бүгінде Үкіметтен бөлінетін мемлекеттік субсидияларды сауатты пайдаланып, ісін өрге дөңгелеткен шаруаларымыз аз емес, – деген ауыл әкімі Рүстем Әлімов өткен күннің шежіресіне тоқталып, бүгінгі күннің еңбек адамдары туралы көлемді баяндамасын оқып берді.
Шара барысында 39 әулетке құрмет көрсету рәсімі жасалып, арнайы номинациялар табысталса, үлкендерге құрмет шапандары жабылды. Тоқсан жастың төріне шығып отырған Кеңесбай ақсақал көпшілікке тілеу тілеп, ақ батасын берді.
Шара соңы ауыл көркемөнерпаздарының мерекелік концерті мен ұлттық ойындарға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы